Мәжіліс отырысында депутат Еділ Жаңбыршин архивтердегі құпия құжаттар мен Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне қатысты мәліметтерді цифрландыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Депутаттың сауалы
Еділ Жаңбыршин соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлердің құжаттарын жинау, жүйелеу және цифрландыру жұмыстары кешеуілдеп жатқанын сынға алды. Оның айтуынша, мұрағаттардағы деректер толық цифрланбаған, ал Ресей мен өзге де ТМД елдерінің архивтерінде сақталған материалдар әлі толық зерттелмеген. Сондай-ақ Германия мен басқа елдердің концлагерьлерінде болған қазақстандықтар туралы мәліметтер де жүйеленбеген.
– Президент бұл мәселе бойынша тапсырма берген. Бірақ министрліктен нақты нәтиже көріп отырған жоқпыз. Мыңдаған ардагердің ерлігі әлі толық ашылмаған, ұрпақтары деректерді іздеп жүр. Бұл үшін онлайн платформа қажет, – деді Жаңбыршин.
Депутат сонымен бірге Кеңес Одағы тұсындағы қызылдардың қанды саясатына қарсы болған аймақтық көтерілістерге қатысты құжаттардың әлі күнге дейін құпия күйінде сақталып отырғанына тоқталды.
– Адай көтерілісі, Қызылордадағы Асан көтерілісі және басқа да қозғалыстарға қатысты материалдар ғылыми айналымға енгізілген жоқ. Бұл халықтың тарихи жадын өшіруге әкеледі. Архивті ашу заңмен реттелуі тиіс. Әйтпесе, ІІМ мен ҰҚК бір-біріне сілтейді де, мәселе шешілмей қалады, – деді ол.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов «2025-архив» жобасы аясында бірқатар экспедициялар жүргізілгенін айтты. Оның сөзінше, Ресей және ТМД елдерінен ҰОС-қа қатысты құжаттар жеткізіліп, соның негізінде ғылыми монография дайындалған. Фотоальбомдар да жарыққа шықпақ.
– Екінші сұраққа қатысты егер құжаттар әлі құпия мәртебесінде болса, бұл мәселені қосымша пысықтап, жазбаша жауап беремін, – деді вице-министр.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та архив құжаттарының құпия күйде қалуына сын айтты.
– Құпия дейтіндей… 80 жыл өтті ғой. Тіпті 100 жылға таяп қалды. Бұл мәселе бойынша қосымша жауап берулеріңіз қажет, – деді ол.
Депутат Жаңбыршин заң жобасына бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Оның ішінде:
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты ашық дерекқор қалыптастыру;
Аймақтық көтерілістер бойынша экспедициялар ұйымдастырып, деректерді ғылыми айналымға енгізу;
Архив құжаттарының құпиялығын заңмен реттеу.
– Егер біз мұны істемесек, тарих бұрмаланып, елдің мәдениетіне күмән келтіріледі. Ал архив арқылы ақиқатты ашып, тарихи әділеттілікті орнатуға болады, – деді депутат.