Онлайн-несие мен микрокредит алу қиындай түседі

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы банк және микроқаржылық қызметке қатысты бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Несие беруден бас тартылатын жағдайлар

Енді банктер мен микроқаржылық ұйымдар (МҚҰ) келесі жағдайларда жеке тұлғаларға несие беруден бас тартуға міндетті:

  • клиент қарыз алудан өз еркімен бас тартса;

  • қарыз алушы әскерге шақырылуға жататын болса;

  • қарыз алушының бұған дейін несие тарихы жоқ болып, онлайн арқылы кепілсіз тұтынушылық несие рәсімдегісі келсе:

    - банк арқылы — 150 АЕК-тен жоғары сомаға;
    - МҚҰ арқылы — 75 АЕК-тен жоғары сомаға.

Мұндай жағдайда қарыз алушының несие рәсімдеу үшін қаржы ұйымының кеңсесіне жеке баруы қажет.

Белгілі жас топтары үшін арнайы талаптар

21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтар тұтынушылық кепілсіз несие мен микронесиеге тек жазбаша келісімі болған жағдайда ғана қол жеткізе алады.

Онлайн-несиелерге «ойлану кезеңі» енгізіледі

Онлайн рәсімделетін тұтынушылық несиелерге арнайы уақыт шектеуі енгізілді. Бұл қарыз алушының шешімін қайта ой елегінен өткізуіне мүмкіндік береді:

  • 150–255 АЕК аралығындағы несие үшін — кемінде 8 сағат;

  • 255 АЕК-тен жоғары несие үшін — кемінде 24 сағат.

Қаражат қарыз алушыға тек осы мерзім өткен соң және оның несие алуға ниеті расталған жағдайда ғана аударылады.