Венгрия СІМ басшысы: Еуропа көшбасшылары Трамптың бейбіт бастамаларын бұзды

Ulysmedia
Ulysmedia

Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты Дональд Трамп ұсынған бастамаларға Еуропа елдерінің араласуы кедергі болғанын айтты.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Журналистер Трамптың Еуропа елдеріне бағыттаған сынына қатысты сұрақ қойды. Ол сын Ресейден мұнай мен газ сатып алу, көші-қон және климат мәселелеріне байланысты еді. Осыған жауап берген Сийярто:

«Негізгі мәселе – көптеген еуропалық көшбасшылар Трамптың бейбіт процесін және оның күш-жігерін бұзды. Егер олар кедергі келтірмегенде, бейбітшілікке қол жеткізуге үлкен мүмкіндік болар еді», — деді.

Ол сондай-ақ заңсыз көші-қонға қатысты Трамптың ұстанымын қолдады.

«Заңсыз көші-қон – ең қауіпті құбылыстардың бірі. Бұл мәселеде біздің көзқарастарымыз өте ұқсас», — деп қосты венгриялық министр.

КОНТЕКСТ

Дональд Трамп Украинадағы соғысқа қатысты мәлімдеме жасап, Ресей күткендей жеңіске жете алмағанын айтты. Оның сөзінше, үш күнде аяқталады делінген қақтығыс үшінші жылға жалғасып отыр.

АҚШ президенті Еуропаны да сынға алып, Ресейден мұнай мен газ сатып алу арқылы «өздеріне қарсы соғысты қаржыландырып отырғанын» қатаң айтты.

«Бұл – Еуропа үшін ұят жағдай. Егер олар шұғыл түрде Ресейден энергия импортына тыйым салса, соғыс тоқтар еді», – деді ол.

Трамп алдағы уақытта еуропалық көшбасшылармен кездесіп, Ресейден энергия сатып алуды қысқарту жөнінде ұсыныстар талқыланатынын да жеткізді.