Қорғаныс министрлігі марқұм сарбаз Дінмұхаммед Шынарбек қаза болған іске қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қандай сұрақтар қойылды?
Ulysmedia.kz тілшісі қорғаныс министрі Даурен Қосановтың атына ресми сауал жолдап, мынадай сұрақтар қойған еді:
Дінмұхаммед Шынарбек қаза болған іс бойынша Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша іс қозғалды?
Неліктен егіздер – Дінмұхаммед пен Даниял Шынарбек әртүрлі әскери бөлімдерге бөлінді?
Дінмұхаммед Шынарбек қызмет еткен әскери бөлімде ішкі тексеріс басталды ма?
Қорғаныс министрлігі тарапынан марқұмның отбасына қандай көмек көрсетіледі?
Жауап
Бұл сауалға қорғаныс министрінің орынбасары Серік Бурамбаев жауап берді. Оның айтуынша, қазір тергеу жүріп жатыр, қосымша мәлімет жария етілмейді.
– Қазақстан қарулы күштері құрлық әскерлерінің бас қолбасшысының тапсырмасымен оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерттеу үшін арнайы комиссия құрылып, жіберілді. Құрлық әскерлері қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстарына терең көңіл айтады және барлық қажетті көмекті көрсетуге кепілдік береді. 2025 жылғы 22 қыркүйектегі жағдай бойынша марқұмның отбасына ерікті түрде материалдық көмек көрсетіліп, денесін жерлеу орнына жеткізу ұйымдастырылды, – делінген жауапта.
Неліктен егіздерді бөлек жіберді?
– Шынарбектер әртүрлі әскери бөлімдерге жіберілген. Себебі Даниял 2024 жылдың күзінде әскерге шақырылып, Гвардейский кентіндегі 82796 әскери бөліміне жіберілген. Ал Дінмұхаммед 2025 жылдың көктемінде Мәтібұлақ ауылындағы 01098 әскери бөліміне жіберілген. Екі әскери бөлім де Гвардейский гарнизонында орналасқан, – делінген министрлік жауабында.
Қорғаныс министрінің орынбасары іс қай бап бойынша қозғалғаны олардың құзыретіне кірмейтінін айтып, бұл сұрақпен уәкілетті органдарға жүгінуге кеңес берді.
Бұған дейін
Еске салайық, 18 қыркүйекте әскерде тағы трагедия болды. Мәтібұлақ ауылында орналасқан №01098 әскери бөлімінде 19 жастағы мерзімді қызметтегі сарбаз Дінмұхаммед Шынарбек өлі табылды. Жақындарының айтуынша, жас жігіттің өліміне қатысты шынайы жағдайлар мұқият жасырылып отыр. Әпкесінің сөзінше, 2024 жылдың күзінде әскерге Даниял Шынарбек шақырылса, көктемде оның егізі Дінмұхаммед әскер қатарына алынған. Екеуі де Отар гарнизонында қызмет еткен. 17 қыркүйекте туыстарына Дінмұхаммедтің өзіне қол жұмсағаны туралы хабар келген.
19 қыркүйекте туыстары ақтық сапарға шығарып салды.
Дінмұхамедтің туыстары оның өз-өзіне қол салғанына сенбейді.