Ердоған мен Трамп қандай келісімге келді

Сырым Қаржас
Фото: AP Photo

АҚШ Түркияға салынған санкцияларды алып, оған америкалық F-35 жойғыш ұшақтарын сатып алуға рұқсат етуі мүмкін. Бұл қадам Анкараның Ресейден энергия ресурстарын сатып алудан бас тартуы жағдайында жүзеге асуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды қабылдады. Ол түрік көшбасшысын Ресейдің энергия тасымалдаушыларынан бас тартуға шақырды.

– Ең дұрысы – Ресейден мұнай мен газ сатып алуды тоқтату болар еді, – деді Трамп журналистерге.

Ақ үй басшысы Америка Құрама Штаттарының Түркияға салынған санкцияларды алып тастап, F-35 жойғыштарын сатуға дайын екенін айтты. Санкциялар Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде Анкара Ресейдің С-400 әуе қорғаныс жүйесін сатып алғаннан кейін енгізілген болатын. Режеп Тайып Ердоған Түркия мен Ресей арасындағы сауда қатынастарына қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Кездесу қорытындысы бойынша Түркия АҚШ-пен 20 жылға арналған, құны 43 млрд доллар болатын сұйытылған табиғи газ жеткізу туралы келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес, 2026 жылдан бастап жыл сайын 4 млрд текше метр газ импортталады.

ТҮРКИЯ МЕН РЕСЕЙ САУДАСЫ

Түркия – Ресейдің төртінші ірі сауда серіктесі. 2024 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 52 млрд долларға жеткен. Негізгі тауарлар – пайдалы қазбалар мен электроника. Трамп НАТО құрамындағы елдер, соның ішінде Түркия да, Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатуы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, осы жағдайда Украинадағы соғыс «жылдам аяқталады».

КОНТЕКСТ

БҰҰ Бас ассамблеясындағы сөзінде Трамп Ресейге қарсы қатаң баж салығын енгізуге дайын екенін мәлімдеп, Еуропа елдерін бұл қадамға қосылуға шақырды.

– Еуропа елдері Ресейдің мұнайын сатып алу арқылы Украинадағы соғысты қаржыландырып отыр. Бұл – олар үшін ұят жағдай. Ресейдің энергия ресурстарын сатып алуды тоқтату керек. Әйтпесе уақытты босқа өткіземіз, – деді Трамп.

АҚШ президенті сондай-ақ Владимир Путинмен жеке байланыстары арқылы соғысты тезірек тоқтатуды жоспарлағанын атап өтті.