Зеленский Словакия мен Венгрияға энергия ресурстарын жеткізуге көмектесуге уәде етті

Сырым Қаржас
t.me/V_Zelenskiy_officia

Украина президенті Владимир Зеленский Словакия мен Венгрияға энергия ресурстарын жеткізудің балама жолдарын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мемлекет басшысы бұл туралы 27 қыркүйекте өткен брифингіде айтты. Оның сөзінше, тиісті мәселелер қазан айында Украина мен Словакия үкіметтерінің бірлескен отырысында талқыланбақ.

– Словакияда үкімет отырысы өтеді. Сол жерде Украина энергетикалық қолдау бойынша балама қадамдарды ұсына алады әрі ұсынады. Бірақ ол ресейлік мұнай мен газға қатысты болмайды, – деп атап өтті Зеленский.

Ол сондай-ақ мұндай пікірталас Венгриямен де өтуі мүмкін екенін айтты. Алайда әзірге Будапешт тарапынан тек “Украинаны нақты қолдамайтын, тек БАҚ арқылы беріліп жатқан сигналдар” ғана бар екенін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп 23 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйлеп, еуропалық елдерді ресейлік энергия ресурстарын импорттауды жалғастырғаны үшін сынға алып, олардан бас тартуға үндеген еді. Сондай-ақ ол Қытай мен Үндістанды Ресейден мұнай сатып алып, соғыстың “негізгі демеушілеріне” айналып отыр деп мәлімдеген болатын.