Қырғызстанда қабылданған жаңа заң азаптаудың алдын алуға бағытталған тетіктерді едәуір әлсіретеді. Бұл туралы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Заңдағы өзгерістер
23 қыркүйекте президент Садыр Жапаров қол қойған заңға сәйкес, Азаптаудың алдын алу жөніндегі ұлттық орталық таратылып, оның функциялары омбудсмен институтына берілді. Алайда, Тюрктің айтуынша, омбудсмен әлі толық тәуелсіз орган болып есептелмейді.
- Тәуелсіз мониторингтік органды жойып, оның өкілеттігін омбудсмен институтына беру Қырғызстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді, – деді Жоғарғы комиссар.
Орталықтың рөлі
Фолькер Тюрк орталық 2012 жылы Қырғызстанның Азаптауға қарсы конвенцияға қосылғаннан кейін құрылған. Ол Орталық Азиядағы халықаралық стандарттарға сай жалғыз ұлттық құқық қорғау мекемесі саналғанын еске салды.
Халықаралық ұйымның ұсыныстары
БҰҰ өкілі қырғыз билігін шұғыл шара қабылдауға шақырды:
азаптаудың алдын алу бойынша мониторингтің үздіксіздігін қамтамасыз ету;
омбудсмен институты жанынан халықаралық міндеттемелерге сай жаңа құрылым құру;
оның функционалдық және қаржылық тәуелсіздігін нықтайтын жеке бюджет бөлу;
азаматтық қоғам мен тәуелсіз сарапшыларды тарту.
Билік жауабы
Ал 24 қыркүйекте Садыр Жапаров Қырғызстан халықаралық міндеттемелерін орындай беретінін мәлімдеді. Дегенмен, ол ел мүддесі үшін кей жағдайда қатаң қадамдарға баруға тура келетінін айтып:
- Қырғызстанға қарсы салынған санкциялар жалған ақпаратқа негізделген. Оны кейбір үкіметтік емес ұйымдар мен адал емес азаматтар таратқан, – деді.