Мақсат Дүйсенов Тәшімбаев туралы мәлімдеме жасады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазнетте тараған видеода Қазақстанның бұрынғы көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов бас прокурордың бірінші орынбасары қызметінен босатылған Тимур Тәшімбаев туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Соңғы апталарда әлеуметтік желілерде Мақсат Дүйсеновтің мәлімдемелері бар бейнероликтер кеңінен тарады. Оның ұсталғаны 24 қыркүйекте белгілі болған еді.

- Қаржылық полицияның Қожамжаровқа жақын офицерлерін қылмыстық жауапқа тартуда ерекше белсенділік танытып жүрген – Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев. Ол күн сайын Бозымбаевқа барып, бәрімізге қатысты қылмыстық іс бойынша есеп беріп отыр. Сонымен қатар, оны бас прокурор қызметіне тағайындауға уәде еткен. Бұдан бөлек, оның жеке себептері де бар. Әлі Ақмола облысының прокуроры болып жүрген кезінде әріптестерім оның әйелін қылмыстық жауапқа тартқан еді. Сол кезде оның қызметін ескере отырып, біз ымыраға барғанбыз. Соған қарамастан адамда өкпе қалды. Уақыт бәрін орнына қояды, – дейді Дүйсенов бейнероликте.

ТӘШІМБАЕВ

29 қыркүйек күні таңертең президенттің жарлығымен Тимур Тәшімбаев Бас прокурордың бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Оның орнына Жандос Өмірәлиев тағайындалды.

ДҮЙСЕНОВ

Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов халықаралық іздеуде жүрген жерінен Германияда ұсталды. Бұл туралы 24 қыркүйекте ІІМ хабарлады. Ол неміс құқық қорғау органдарының қолына түскен.