Қазақстанда мерзімді әскери қызметті тоқтату ұсынылды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда мерзімді әскери қызметті тоқтату мәселесі көтерілді. Әскери сарапшы, авиация полковнигі Ермек Сейтбатталовтың пікірінше, елді тек кәсіби әскерилер қорғауы тиіс, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сейтбатталов қазіргі жағдайда әскер қатарын толықтай маманданған кадрлармен жасақтау қажеттігін айтады.

– Егер соғыс басталса, қарсылас толық дайын күйде келеді. Ал біз оларға кеше ғана мектеп бітірген 18 жастағы балаларды қарсы қоямыз. Бұл дұрыс емес. Қарулы күштер тек кәсіби әскерилерден тұруы керек. Бұл – офицерлер, генералдар, келісімшарт негізіндегі әскерилер және басқалары. Мерзімді қызметтегілер болмауы тиіс. Әрине, кәсіби әскердің де шығыны болады, бірақ оны толықтырудың жолдары бар. Бізде резервтегі қызмет бар. Мысалы, мен ұшқышпын, менің орнымды азаматтық авиация ұшқышы алмастыра алады. Мұның бәрін алдын ала дайындауға болады, – деді ол Airan YouTube-арнасына берген сұқбатында.

КОНТЕКСТ

Сейтбатталовтың бұл мәлімдемесі әскердегі қайғылы жағдайлардың жиілеген тұсында айтылды. Ресми дерекке сәйкес, Дінмұхаммед Шынарбек өз-өзіне қол жұмсаған, алайда туыстары бұған сенбейді. Бұған дейін Қорғаныс министрлігі Ulysmedia-ның сауалдарына жауап берген. Сондай-ақ 23 қыркүйекте Жетісу облысында тағы бір сарбаз көз жұмды. Қорғаныс министрлігіне қарасты Десанттық-шабуылдау әскерінің мәліметінше, оқиға жауынгерлік дайындық барысында болған. Ресми нұсқа бойынша, сарбаз қарумен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережесін бұзған.