Қазақ дәрігері АҚШ-тағы медицина жүйесін өзгертті

Сырым Қаржас
фото: time.kz

Қазақстандық Айнұр Айыпханова АҚШ-қа қоныс аударғаннан кейінгі еңбегінде ерекше жетістікке жетті. Ол Индиана штатындағы қатерлі ісік деректерін есепке алу жүйесін оңтайландырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазір Айнұр Айыпханова Индиана штатындағы қатерлі ісік ауруларының регистрі директоры қызметін атқарады. Мәселе мынада: екі жыл бойы аймақтағы онкологиялық деректер толық болмай, есеп беру мен бағдарламалық қамтамасыз етудегі мәселелерге байланысты ұлттық деректер базасына енгізілмей келген. Алайда қазақстандық маман келген соң, Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) талап ететін көрсеткіштерге қол жеткізілді.

МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ

Айыпханова 2023 жылы мекемеге келгеннен кейін АҚШ Ұлттық қатерлі ісік институты (NCI) әзірлеген жаңа бағдарламалық жасақтаманы енгізуге көмектесті. Бұл бағдарламаның құрамында деректерді өңдеудегі артта қалушылықты еңсеруде аса маңызды функциялар болған. Ол бұл мәліметтерді жаңғыртуға салынған инвестицияны «негізді әрі стратегиялық» деп атады.

НӘТИЖЕ

Жыл сайын шамамен 40 мың қатерлі ісік жағдайы тіркелетін Индианада «есепке алынбаған» науқастар саны айтарлықтай қысқарды. Деректер базасын көшіруге байланысты қаржы үнемі де елеулі болды. Айыпханованың айтуынша, жаңа бағдарламалық жасақтамаға көшу штатқа 511 мың доллардан астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берген. Бұл қаржы мердігерлер мен деректерді қолмен тексеріп, түзететін қызметкерлерге жұмсалатын еді.

БҰЛ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

- Индиана штатының қатерлі ісік регистрі алдын алу, бақылау және қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың өмірін ұзарту үшін жоғары сапалы деректерді қамтамасыз етуге ұмтылады. Ол үшін біз тиімділікті арттыру мен жұмысымыздың сапасын көтеруге бағытталған үздіксіз жаңашылдыққа сүйенеміз, – деді Айнұр Айыпханова.

ДӘРІГЕР ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

40 жастағы Айнұр Айыпханова – Индиана университетінің түлегі, АҚШ-та бакалавриат пен магистратураны үздік аяқтаған. Қазақстанда 2017-2019 жылдары «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығын» басқарған. Сондай-ақ, АҚШ Денсаулық сақтау көшбасшылары колледжінің (ACHE) мүшесі және Денсаулық сақтаудағы сапа жөніндегі ұлттық қауымдастықтың (NAHQ) мүшесі.