Белсенділер Мұхаммедкәрімді көшіруді талап етті, ІІМ "бәрі жақсы" дейді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

ІІМ вице-министрі Санжар Әділов сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрімге қатысты сұрақтарға жауап беруге тырысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Әділовтің айтуынша, Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулық жағдайы «қолайлы деңгейде» қалып отыр.

– Жазасын өтеп жатыр. Оның қай жерде екендігін адвокаттары мен туыстары біледі. Денсаулық жағдайы да тиісті деңгейде. Түзеу мекемелеріндегі жағдайды ҚАЖК-нің аумақтық департаментінің басшылығы белгілейді. Сондықтан бәрі адамның қандай қылмыс жасағанына байланысты жазасын өтеу тәртібінен шығады. Егер көшіру, жағдайына қатысты сұрақтар болса денсаулығы мен ұсталуы қолданыстағы заңнамаға сәйкес қамтамасыз етілген, – деді ол.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Думан Мұхаммедкәрім өміріне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеген болатын

Ал күні кеше Алматы мен Астананың азаматтық белсенділері мен заңгерлері 30 қыркүйекте елорданың ресми мекемелеріне хаттарын табыстау үшін барды. Олар Қызылордадағы колонияда отырған журналист Думан Мұхаммедкәрімді Алматы облысына – туыстарының қасына ауыстыруды талап етті.