Алматы облыстық соты банкир Жомарт Ертаев не үшін қайтадан түрмеге отыратынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Алматы облыстық сотында сотталған Жомарт Ертаевқа қатысты рақымшылықты қолдану мәселесі бойынша материал апелляциялық тәртіпте қаралған.
Бұған дейін, 2025 жылғы 2 қыркүйектегі Алматы облысы Алатау қаласы сотының қаулысымен сотталған Ертаевтың өтініші қанағаттандырылып, Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы 6-тармағына сәйкес, оған 11 ай 16 күн өтелмеген жаза мерзімі бойынша рақымшылық қолданылып, босатылған болатын.
Аталған рақымшылық тармағына сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, жағымсыз мінез-құлқы жоқ, өтеуге қалған жаза мерзімі 1 жылдан аспайтын сотталғандарға жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылады.
СОТ НЕНІ АНЫҚТАДЫ?
Сот алқасы материалды зерделей келе, келесіні анықтады: Ертаев екі үкіммен сотталған: 2020 жылғы 16 қарашадағы және 2021 жылғы 3 наурыздағы.
2021 жылғы 25 маусымдағы Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының қаулысымен бұл үкімдер жиынтығымен түпкілікті жаза мерзімі белгіленген.
Алайда, аталған қаулыда бірінші үкім бойынша өтелген жазаны есептеу мәселесі қарастырылмаған. Сонымен қатар, Ертаевқа жаза мерзімі қай үкімнен бастап есептелетіні көрсетілмеген.
Алатау қаласы сотының қаулысымен №14 мекеменің анықтамасы арасында өтелмеген жаза мерзімі бойынша алшақтықтар бар. Сонымен қатар, мекеме анықтамасына басшы қол қоймаған.
ҚАЙТАДАН ТҮРМЕГЕ ОТЫРАДЫ
Жоғарыда аталған мән-жайларға байланысты, сотталған Ертаевқа рақымшылық актісін қолдану туралы сот қаулысы күшін жойды, оның өтініші қанағаттандырусыз қалдырылды.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін депутат Абзал Құспан Ертаев қайтадан түрмеге отыратынын хабарлаған болатын.