Кореяда қазақстандық жігіт ұрлық жасап ұсталды

Сырым Қаржас
Видео кадры

Оңтүстік Кореяның Ансан қаласында 20 жастағы Қазақстан азаматы мейрамханадан ақша ұрлап, небәрі 10 минутта полицейлердің қолына түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиға қалай болды?

Gyeonggi Daily мәліметінше, Ансан қаласының Данвон аудандық полициясының мәліметінше, қазақстандық азамат мейрамхана ашылмай тұрған кезде терезеден кіріп, касса сейфінен 420 мың вон (шамамен 160 мың теңге) және қайырымдылық жәшігінен 60–70 мың (28 мың теңгедей) вон қолма-қол ақшаны алып кеткен.

Оқиға таңғы сағат 9:10 шамасында болған. Дайындыққа келген мейрамхана иесі қаскүнемді байқап қалып, «Сен кімсің?» деп айқайлаған. Сол сәтте ұры ақшаны және қайырымдылық жәшігін құшақтап қашып кеткен.

Полиция не дейді?

Мейрамхана иесі қашқан жігітті қуып жетпек болғанымен, ол тар көшеге кіріп көзден таса болған. Абырой болғанда, жолда полиция патрульдік көлігін көріп, көмек сұрап үлгерген.

Сержанттар күдіктіні дереу іздеуге кіріскен. Полицейдің бірі қашып бара жатқан ұрыны көріп, жасыл аймақ арқылы шамамен 500 метр жаяу қуды. Бұл уақытта серігіне рация арқылы қашып бара жатқан бағытты хабарлап отырған.

Сағат 9:20-да, яғни қашқаннан 10 минут өткен соң, полицей патрульдік көлікпен қаскөйдің жолын бөгеп, екінші полицей арт жағынан ұстап, оны қылмыс үстінде қолға түсірді.

Қазақстандық туралы не белгілі? 

Полицияның анықтауынша, қазақстандық жігіт 2024 жылы Кореяға жұмыс істеу үшін келген. Ол құрылыс нысандарында күнделікті жалдамалы жұмысшы болып істеген.

Соңғы уақытта жұмыссыз қалған ол монша мен әртүрлі орындарда күнелтіп жүрген. Тергеу барысында ол ұрлықты Қазақстанға қайтар билет сатып алу үшін жасағанын мойындаған.