Зеленский дабыл қақты: «Ресей дрондары кез келген сәтте Еуропаға шабуыл жасауы мүмкін»

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей дрондарының кез келген еуропалық елге қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Мәскеу Польшаға немесе Солтүстік Еуропа елдеріне дрон жіберсе, мұндай жағдай Батыс пен Оңтүстік Еуропада да қайталануы ықтимал, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЕУРОПАҒА ҚАТЕР ТӨНДІРГЕН ДРОНДАР

Бұл туралы Зеленский 2 қазанда Копенгагенде өткен Еуропалық саяси қауымдастық (ЕПҚ) саммитінде мәлімдеді. Ол дрондарға қарсы әрекет ету үшін "жылдам әрі тиімді қорғаныс күштерін" құруды ұсынды. Украина соғыс жағдайында жинаған тәжірибесін Даниямен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

ЕУРОПАДАҒЫ ДРОН ЖАҒДАЙЫ

Копенгаген саммитіне дейін Даниядағы әуежайлар мен әскери нысандар үстінен белгісіз дрондардың ұшуы алаңдаушылық тудырды. Құрылғылардың қайдан шыққаны анықталмағанымен, бірқатар еуропалық мемлекеттер Ресейге күдік келтіруде. Мәскеу айыптауларды жоққа шығарып отыр.

Соңғы апталарда Польша, Эстония және Румыния да өз әуе кеңістігіне Ресейдің дрондары мен әскери ұшақтарының кіргенін хабарлады.

ФРАНЦИЯНЫҢ ҚАТҚЫЛ ҰСТАНЫМЫ

Франция президенті Эммануэль Макрон дрондарға күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармады.

"Оларды атып түсіруге болады және нүкте", – деді ол.

Макронның айтуынша, Еуропаның әуе кеңістігіне кірген кез келген дрон – елеулі қауіп.

ЕУРОПАНЫҢ БІРЛЕСТІГІ

ЕПҚ саммитіне ЕО елдерінің басшылары, сондай-ақ Албаниядан бастап Украина мен Әзербайжанға дейінгі мемлекеттердің жетекшілері қатысты. Бұл платформа 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін құрылған. Оның мақсаты – Еуропаның ортақ қауіп-қатерге қарсы тұрудағы бірлігін көрсету.