Алматылықтарға қауіп төніп тұр: Бектенов Базарбекке жауап берді

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Премьер-министр Олжас Бектенов мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің Іле Алатауының тау бөктерінде өзендер мен сайларды рұқсатсыз көму, сондай-ақ жаппай құрылыс туралы сауалына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жер телімдерінің тарихы

Бектеновтің айтуынша, тау бөктеріндегі жер телімдерін кезінде Алматы облысының Қарасай және Талғар аудандарының әкімдіктері берген. Кейін ол аумақтар 1998–2014 жылдары Алматы қаласының шекарасына кірген. 2021 жылдан бері тау бөктерінде жаңа жер телімдері берілмеген.

- Көрсетілген 25 жер теліміне қатысты жер заңнамасының бұзылу деректері бойынша Алматы қаласының жер ресурстарын басқару департаменті олардың заңдылығын анықтау және тиісті шара қабылдау үшін тексеріс жүргізіп жатыр, – деді премьер-министр.

Сонымен қатар, Алматы қаласының қала құрылысы бақылау басқармасы заң бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қабылдап жатыр. Оның ішінде нұсқама беру, айыппұл салу және заңсыз құрылыстарды сүру жөнінде сотқа талап-арыз түсіру бар.

Нақты нысандар бойынша деректер

Бектенов бірқатар нысанға қатысты мәлімет келтірді:

  • «Беверли Хиллс» коттедж қалашығы – рұқсат құжаттарының негізінде пайдалануға берілген (2021–2022 жж.);

  • Көлсай ықшамауданы (2428, 2428/1 үйлер) – рұқсат берілмеген, 362-учаскедегі нысанның бір бөлігі ғана пайдалануға берілген;

  • 554-учаске, «Горный гигант» ПК – жоба құжаттамасы жоқ, әкімшілік шара қолданылған, үйді сүру жөнінде сотқа талап-арыз берілген;

  • «Горный гигант» ПК, 20А – тұрғын кешен салуға рұқсат берілген (2021 ж.);

  • «Prime Park» ТК – анықталған заң бұзушылықтар жойылған, нұсқама орындалған, сараптаманың оң қорытындысы бар;

  • «Монблан» және «Швейцария» ТК – әкімшілік шара қабылданған, сот сүру жөніндегі талап-арызды қанағаттандырған, атқару Алматы қаласы Әділет департаментінің бақылауында.

Атқарылған істер

Бектеновтің мәліметінше, 2025 жылы әділет департаментінің өндірісінде тау бөктеріндегі нысандарды сүруге қатысты 35 іс болған. Соның 20-сы (57%) орындалып, бірқатары толық не жартылай бұзылған. Қазіргі уақытта 15 іс қалған:

  • 2 жағдайда борышкерлер заң бұзушылықтарды өздері жоюға міндеттелген;

  • 13 іс бойынша мәжбүрлеу шаралары қолданылып жатыр.

Құрылысқа мораторий

Премьер-министрдің сөзінше, мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматының жоғарғы бөлігінде көпқабатты үйлер мен нүктелік құрылысқа мораторий енгізілген. Тек әлеуметтік инфрақұрылым және туризм кластері нысандарына ғана рұқсат бар.

Осыған байланысты Алматы әкімдігі бас жоспарға түзетулер енгізу жұмыстарын бастаған. Ол табиғатты қорғауды күшейтуге, қалалық ортаны теңгерімді дамытуға және тау бөктерін қорғауға бағытталған.

Бас жоспарды түзету кестесі

  • жобалау – 2026 жылғы қаңтарға дейін;

  • халықпен қоғамдық талқылау – 2026 жылдың I тоқсанында;

  • Үкіметтің бекітуі – 2026 жылдың II тоқсанында.

Олжас Бектенов депутат сауалында айтылған деректер бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын, оның нәтижесі кейін жарияланатынын айтты.

Базарбек не деп еді? 

Бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек алматылықтарға төніп тұрған қауіп туралы айтқан болатын. Депутат жаз айларында мемлекеттік органдармен бірге Алматының бірнеше ауданында тексеріс жүргізгенін айтты. Нәтижесінде таулы жоталардың заңсыз қырқылғаны, өзендер мен табиғи сайлардың көміліп, Іле Алатауының етегінде жаппай құрылыс жүріп жатқаны анықталған.