Алматыда тергеу изоляторында судья қайтыс болды: ҚАЖК түсінік берді

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Дастан Слямқұловтың өліміне қатысты ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Комитеттің мәліметінше, судьяның өлімінің алдын ала себебі – жедел жүрек жеткіліксіздігі.

– Тергеу изоляторында қамаудағы ер адам кенеттен қайтыс болды. Алдын ала болжам бойынша, өлімнің себебі – жедел жүрек жеткіліксіздігі. Өлім фактісі бейнебақылау камерасына тіркелген. Қазір бұл жағдай бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, – делінген комитеттің БАҚ сауалына берген жауабында.

Еске салайық, Дастан Слямқұлов 2024 жылдың қазан айында пара алды және алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған еді.

Журналист Михаил Козачковтың хабарлауынша, қайғылы оқиға болған күні түстен кейін оған қоғамдық қорғаушы ретінде әкесі келген. Судьяны кездесу бөлмесіне алып бара жатқан сәтте оның жағдайы күрт нашарлаған.

Изолятор қызметкерлері алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырғанымен, келген дәрігерлер оның көз жұмғанын ғана тіркеген.