Грузиядағы митингілер: наразылық жетекшілері 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Сырым Қаржас
NewsGeorgia

Грузияның Ішкі істер министрлігі Тбилисиде жергілікті сайлаулармен қатар өткен наразылық акциясын ұйымдастырған бес адамды ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz NewsGeorgia сайтына сілтеме жасап.

ТОЛЫҒЫРАҚ

ІІМ басшысының орынбасары Александр Дарахвелидзенің айтуынша, Тәуелсіздік алаңындағы митинг кезінде ұйымдастырушылар жұртты зорлық-зомбылық әрекеттеріне үндеген.

Ұсталғандардың арасында:

  • Ираклий Надирадзе — «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының мүшесі, Тбилиси сакребулоның (қалалық кеңес) үш шақырылымдағы депутаты;
  • Муртаз Зоделава — сол партияның саяси кеңес мүшесі, Грузияның бұрынғы бас прокуроры;
  • Лаша Беридзе — Грузия Қарулы күштері Бас штабы бастығының бұрынғы орынбасары;
  • Паата Манджгаладзе — «Стратегия Агмашенебели» партиясының бас хатшысы;
  • Паата Бурчуладзе — опера әншісі, «Руставели даңғылы» атты қоғамдық платформаның негізін қалаушы.

ІІМ мәліметінше, оларға билікті күшпен құлатуға шақыру және ұжымдық зорлық-зомбылық ұйымдастыру баптары бойынша айып тағылған. Грузия заңнамасына сәйкес, бұл қылмыстар үшін тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

КОНТЕКСТ

Наразылықтар жергілікті сайлау күні басталған. Шеру Чавчавадзе даңғылынан басталып, қатысушылар Руставели даңғылындағы парламент ғимаратына дейін барған. Оларға қолдарында ту, плакат және саяси тұтқындардың суреттері бар белсенділер қосылған.