Қазақстан жылу маусымына толық дайын емес: көмір жетіспейді

Динара Жарқынбек
Ulysmedia

Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов көмір өндіруші кәсіпорындар мен «ҚТЖ» өкілдерінің қатысуымен жылыту маусымына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жиында өңірлердегі көмір қорының жиналу барысы, вагонмен қамтамасыз ету және өңірлік операторлардың жұмысы туралы есептер тыңдалды. 

Елде тұрғындар мен коммуналдық сектордың көмірге деген жалпы қажеттілігі 7,4 млн тонна болса, қазіргі уақытта өңірлерге бар болғаны 4,8 млн тонна, яғни 65% ғана жеткізілген. Энергетика министрлігі өңірлерді көмірмен толық және уақытылы қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.

Ведомство «мәселе ерекше бақылауда» екенін мәлімдегенімен, мұндай мәлімдемелер жыл сайын қайталанып келеді. Ал іс жүзінде кей өңір тұрғындары көмір тапшылығына, бағаның шарықтауына және жеткізу мәселелеріне тап болып отыр. Әсіресе ауылдық аймақтарда көмір тасымалы жиі кешігеді, себебі вагон жетіспейді немесе логистика әлсіз. 

КӨМІР ДЕ, ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕ ДЕ КӨП 

Дүниежүзілік банк 2025 жылы әлемдік нарықта көмірдің тоннасы 100 доллар шамасында болады, яғни 27%-ға арзандайды деп болжаған. Бірақ бұл үрдіс Қазақстанға тән емес.
Ел ішінде керісінше, баға жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, биыл тұрмыстық көмірдің орташа құны өңірге қарай 15 мыңнан 20 мың теңгеге дейін жеткен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12–17 мың теңге аралығында еді. Кей өңірлерде, әсіресе солтүстік пен шығыста, баға 25 мың теңгеге дейін көтерілген.

Бағаның өсуіне тек инфляция емес, тасымалдау мен логистикадағы қиындықтар да себеп. Теміржолдағы вагон тапшылығы, көмір разрездерінен тұтынушыларға дейінгі жеткізілімдегі кідірістер – биыл да қайталанған мәселе. Көлік инфрақұрылымының тозуы, вагон тапшылығы және теміржол тарифтерінің өсуі – отынның өзіндік құнын арттырып, тұтынушылардың мазасын қашырды. 

КОНТЕКСТ

Энергетика министрлігі мен әкімдіктердің мәліметінше, биылғы жылыту маусымына дайындық «жоспарға сай» деп бағаланғанымен, бірқатар аймақта көмір жеткізу баяу жүріп жатыр. Әсіресе Абай, Қостанай, Ақмола облыстарында қор жеткіліксіз.