Францияның тағайындалғанына бір ай болмаған премьер-министрі отставкаға кетті

Ulysmedia
Фото: Sarah Meyssonnier / Reuters

Тағайындалғанына бір ай толмаған Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню отставкаға кетті. Бүгін ол басқарған үкіметтің алғашқы отырысы өтуі керек болған, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Le Figaro мен BFM TV мәліметінше, Франция президенті Эммануэль Макрон отставканы қабылдап үлгерді. Лекорнюдің үкімет басындағы мерзімі Францияның кейінгі тарихындағы ең қысқа мерзім болды.

Лекорню бір күн бұрын ғана жаңа министрлер кабинетінің құрамын жариялаған. Ондағы негізгі қызметтер Макронның жақтастарына және алдыңғы үкіметтің мүшелеріне бұйырған. BFM TV телеарнасының хабарлауынша, бұл құрам оппозицияның наразылығын тудырған.

Францияда жыл басынан бері осымен үшінші рет үкімет басшысы отставкаға кетіп отыр. 2022 жылдан бері елде алты премьер-министр қызметінен бас тартқан.

Бұрынғы үкімет басшысы Франсуа Байру тағайындалғанына 9 ай толғанда парламент оған сенімсіздік білдірді. Ол парламентке бюджет дефицитін азайтатын бюджетті өткізе алмаған. Жексенбі күні сарапшылар Лекорню үкіметі де бюджетті өткізе алмауы мүмкін деген.

Le Figaro басылымы парламентті таратып, жаңа сайлау тағайындауға үндеп жүрген оппозициялық саясаткерлердің сөздерін жариялады. Олардың кейбірі Макронның өзі отставкаға кетуі керек немесе оған импичмент жариялау керек дейді.

Үкімет құрамына кіретін Республикалық партия бүгін кабинеттен шығу туралы шешім қабылдауы ықтимал: партияның стратегиялық комитетінде осы мәселе жөнінде пікірсайыс өтуі қажет.