"Cтокгольм синдромын еске салады": саясаттанушы Алматыдағы форумға келген ресейлік пропагандистер туралы айтты

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Алматыда өткен BeWoman форумына Ресей пропагандистерінің қатысуына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Досым Сәтпаев Қазақстанда кейбір қалталы азаматтардың әлі күнге дейін Ресейдің ақпараттық кеңістігінде өмір сүріп жатқанын айтты. Ол мұны «стокгольм сидромына» балады.

«Мені кейбір қалталы адамдардың Қазақстанға Мордордан (авт. — Ресейді меңзеп отыр) түрлі инфоцығандарды, комиктерді, жұлдыздарды, жалған журналистерді сүйреп әкелуге деген «махаббаты» алаңдатады. Олардың көбі баяғыда-ақ зомбоящиктің (теледидардың) бір бөлігіне айналып, оның насихатын таратушылар болып кеткен. Мұның бәрі біртүрлі менталдық "стокгольм синдромын" еске салады. Одақ ыдырағанына 30 жылдан асты. Қазақстанда тәуелсіздік дәуірінде өскен тұтас бір ұрпақ бар. Қоғамда тарихи өзін-өзі тану мен деколонизация процесі әлдеқашан жүріп жатыр. Бүкіл әлем ашық. Ал түрлі халықаралық форумдарды өткізуге өз ақшасын (оның ішінде мемлекет қаржысын да) аямайтын адамдар, ең құрығанда, нағыз интеллектуалдық өнім өндірушілерді әлемнің түрлі елдерінен шақыруы керек қой. Жақсы ортада әлдеқашан аты өшкен, көрші елдің арзан насихатшыларына ақша шашпай», — деп жазды Досым Сәтпаев.

Бұдан бөлек, Досым Сәтпаев өзін Қазақстанның «элитасы» санайтын кейбір адамдар шын мәнінде Тәуелсіз Қазақстанмен бірге отарсыздану процесін өткен жоқ деді.

Контекст

BeWoman Asia 2025 форумы 26 қыркүйекте Алматыдағы Республика сарайында өтті. Форумның негізін қалаушы — олигарх Сергей Канның жұбайы Жанна Кан. Шара Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылды.

Спикерлер қатарында Ресейден келген психолог Алексей Ситников пен журналист Владимир Познер болды. Әлеуметтік желі қолданушылары форум барысында Жанна Кан мен Познер арасындағы селқос әрі мағынасыз диалогқа назар аударды.

Ситников өз сөзінде Ресей президенті Владимир Путинді «пассионарлық тұлға» ретінде үлгі қылып атады. Бұл пікір мен ресейлік спикерлердің қатысуы әлеуметтік желіде үлкен наразылық туғызды. Қолданушылар форум ұйымдастырушыларын соғысқа ақтау мен насихат жүргізуге алаң ұсынды деп сынға алды.