"Баланы өлтіріп алған" - марқұм сарбаздың жақындары ресми жауапқа сенбейді

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Алматыда әскерге барғанына небәрі бір апта ғана болған 18 жастағы сарбаз көз жұмды. Сараптама қорытындысы оның өліміне менингококкемия инфекциясы себеп болғанын көрсеткен. Алайда қара жамылған отбасы бұл нұсқаға күмәнмен қарап, Нұрасыл Әнуардың аяқасты ауру жұқтыруына сенбейді. Туыстарының айтуынша, ол әскерге шақырылмас бұрын толық медициналық тексеруден өтіп, денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Қайғыдан есеңгіреген отбасы енді істің әділ тергелуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Нұрасыл Әнуар бар болғаны бір апта бұрын ғана Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен. Кеше таңертең туыстарына оның қазасы туралы суыт хабар жеткен. Жақындары бірден сарбаз борышын өтеп жатқан әскери бөлімге барған. Ондағы жауаптылар оның өліміне инфекциялық ауру себеп болғанын айтқанымен, отбасы бұл мәліметке сенімсіздік танытты.

— Естіген бойда бірден бардық. Барсақ, ішкі істер бөлімі алып кетті деді. Ол жақта мәйітханаға алып кетті деді. Мәйітхана алдында бес сағат күттік. Бес сағат бойы алып келмеді. Бес сағат не істегенін білмейміз. Баланың денесін кеше өзім кіріп көрдім. Үстінің бәрі бөртіп кеткен сияқты. Басынан аяғына дейін. Күдігім: бұл баланы өлтіріп алып тұр бұлар. Тазасын айтқанда... Нәзік жерінен ұрып өлтіріп алды ма деген күмән ғой, бізде, дейді марқұмның нағашы ағасы Еркін Аблах КТК-ға

Нұрасыл әскери қызметке өз еркімен аттанған. Негізгі мамандығы автоэлектрик болса да, ол бала кезінен әскери форма киюді армандаған екен. Үш баланың кенжесі болған жас сарбаз қаза боларынан бар-жоғы 12 сағат бұрын туыстарымен телефон арқылы сөйлескен.

— Ақкөңіл жан болатын. Ешкімді ренжітпеуге тырысатын. Мен еліме қызмет істегім келеді. Осы шекара қызметін таңдағым келеді. ҰҚК барып, ол жерді бір жақсы жер деп қарады. Мәртебесі жоғары деп. Қауіпсіз деп. Ағасына хабарласқан. Оның алдында, 16:30-да әкесіне хабарласқан. Екі ортада әпкесіне хабарласқан. 12 сағат өтпей, бұл бала қайтыс боп тұр, дейді марқұмның нағашы әпкесі Динара Мейрамбекқызы.

Мәйітке жүргізілген сараптама нәтижесі бойынша өлімге менингококкемия себеп болғаны расталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, ал сарбаз қызмет еткен әскери бөлімде ішкі қызметтік тексеріс басталды.

— Медициналық камтамасыз бөлімшесінде сағат 5:10-да сарбаздың қайтыс болуы жөнінде медиктер растады. Сол жөнінде тергеу тағайындалды. Қызметтік тексеру жүргізіп жатыр, орталық аппараттан. Барлық жағынан көмектесуге дайынбыз, дейді Алматы облысы шекара қызметі департаментінің басқарма бастығы Серік Төлеуханов. 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұрасылдың сүйегін бүгін әскери ұшақпен туған жері Қызылордаға жеткізуді жоспарлап отыр. Ал қайғыдан қан жұтқан отбасы әділдік орнап, баланың өліміне қатысты барлық мән-жай анықталсын деп талап етуде.