Қазақстанда шетелден қаржы алатындардың базасы құрылады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда шетелдік ұйымдардан қаржыландыру алатын азаматтардың бірыңғай деректер базасын құру жоспарланып отыр. Қаржы министрлігі тиісті бұйрық жобасын «Ашық НҚА» порталында жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Құжатқа сәйкес, шетелдік ұйымдардан, шетел азаматтарынан немесе азаматтығы жоқ адамдардан ақша немесе өзге де мүлік алатын қазақстандықтар бұл туралы мәлімет беруге міндетті болады.

- Жобаның мақсаты – азаматтар мен заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері шетелдік ұйымдардан, шетел азаматтарынан және азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақша қаражаты мен өзге де мүлікті алу және пайдалану туралы мәліметтерді ұсыну тәртібі мен мерзімдерін белгілеу, сондай-ақ осы мәліметтердің нысандарын, мемлекеттік кірістер органдарына хабарлау тәртібін және деректер базасын қалыптастыру қағидаларын бекіту, – делінген Қаржы министрлігінің бұйрық жобасында.

Түсіндірме жазбада бастама қаржы айналымының ашықтығын арттыруға, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және көлеңкелі экономиканың тәуекелдерін азайтуға бағытталғаны атап өтілген.

Бұйрық жобасы 2026 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін жаңа Салық кодексі аясында әзірленген.