Астананың сол жағалауында орналасқан тұрғын үй елорда бейнесіне әлі де көлеңке түсіріп тұр. Өрттен зардап шеккен ғимараттың қарсы бетінде – «Бәйтерек» пен Ұлттық кітапхана, жанында – «Абу-Даби Плаза» сауда орталығы, ал екінші жағында – «Керуен» мен Сулы-жасыл бульвар. Бірнеше аялдамадан кейін министрліктер үйі. Көпқабатты үйде 34 пәтер бар, оның 12-сі қатты зардап шеккен. Өрт 20 күн бұрын басталған. Тілсіз жау ғимараттың бірінші қабатындағы Karima кафесінен тұтанып, фасад бойымен жоғары өршіп кеткен. Әкімдік 8 пәтер жанып кеткенін айтқанымен, тұрғындар 12 пәтер жарамсыз болғанын жеткізді. Ulysmedia.kz тілшісі оқиға орнында болып, жағдаймен танысып қайтты.
5 миллион теңге шығын және ешқандай сараптама жоқ
Бір кіреберісі бар көпқабатты үйдің кіреберісінде: «Бұл жерде Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Нұрмахан Алпысбаев тұрады» деген жазу ілінген. Есігі ашық, жұмысшылар өртенген пәтерлерде жөндеу жүргізіп жатыр. Барлық баспалдақтар шаң-тозаңға батқан. Кей қабаттарда өрт кезінде сыртқа шығарылған гүлдер тұр, бәрін шаң басқан. Соңғы қабатта шатырға шығатын әйнек есік әлі сынған күйінде тұр. Аулада терезе жақтаулары шашылып жатыр, ал қасында «Жөндеу жұмыстарына байланысты кіруге тыйым салынады» деген ескерту тақтайшасы ілінген. Сыртта да құрылыс жүріп жатыр: аумақ қоршалған, ғимарат фасады бойымен ағаш құрылымдар орнатылған.
Өрт кезінде зардап шеккен тұрғын журналистерге түнде өрт шыққанын айтты. Барлық тұрғын шұғыл эвакуацияланған. Оның пәтерінде ең көп зақым ас үй мен қонақ бөлмеге тиген, бірақ кей бөлмелерді сақтап қалу мүмкін болған. Қазір оның отбасы басқа жерде тұрып жатыр, ал өзі жөндеу аяқталғанша пәтерде қалған.
– Жөндеу өте баяу жүріп жатыр. Өрт шыққанына 20 күн болды, ал құрылысшылар әзірге тек дайындық жұмыстарымен шектелуде, – дейді ер адам.
Оның айтуынша, өрттен кейінгі қалдықтарды тазалау жұмысы 20 қыркүйекте басталған.
– Кейін келіп, бәрін қалпына келтіреміз деді. Қалай қалпына келтіретіні түсініксіз. Тек «жөндейміз» деді де, сонымен бітті, – дейді тұрғын.
Ол төбедегі күйені, су себу кезінде құлап кеткен шам орнын және жоғары температурадан еріп кеткен пластикалық панельдерді көрсетті.
Оның есебі бойынша, жөндеу мен бүлінген мүлікті қосқанда жалпы шығын шамамен 5 миллион теңге болған.
– Біз ең аз мөлшерде есептедік, бәрін қоспадық та. Әкімдік фасадты да қалпына келтіреміз деп уәде еткен. 12 пәтер бар, бәрін созып жатыр, барынша үнемдеуге тырысуда, – дейді тұрғын.
Оның айтуынша, ең басты мәселе — ресми залал бағалауының болмауы. Тұрғын Астана төтенше жағдайлар департаментінің әлі күнге дейін зардап көлеміне сараптама жүргізбегеніне наразы.
– Олардың айтуынша, бүкіл Қазақстанда небәрі үш сарапшы бар, олар Қарағандыда. Мұндай жүйе қалай жұмыс істейді, түсінбеймін. Егер өтемақы алғың келсе, сотқа жүгін дейді. Барлығы тек сөз жүзінде, іс жүзінде ештеңе жоқ. Көп адам наразы, – дейді ол.
Концерт тұрғындардан маңыздырақ
Қазір ер адамның отбасы басқа туыстарының үйінде тұрып жатыр. Өрттен зардап шеккендердің көбі де солай. Әкімдік уақытша баспананы тек екі күнге ғана берген. Кейін оқиға абсурд деңгейіне жеткен.
– Кейін қалаға Backstreet Boys келді, барлық қонақүйлер бос емес екен. Бізге: «бәрі брондалған, концерт, қонақтар келеді» деп, шығуды өтінді. Содан кейін амалсыз үйге қайтуға тура келді, – дейді ол.
Тұрғындардың шағымы
Үйдің жетінші қабатында тұратын тағы бір тұрғын өрттен зардап шекпегенімен, төменгі қабаттағы кафе жұмысына шағымданды.
– Кафе үлкен қолайсыздық тудырады. Мен жетінші қабатта тұрсам да, үйдің бойымен тартылған желдеткіштің даусы анық естіледі. Ал төменгі қабаттардағылар тіпті ет тураған дыбысты да естиді, – дейді ол.
Оның айтуынша, санитарлық талаптар да сақталмайды.
– Мұнда екі құдық бар, екеуі де майға толып қалады. Өйткені ет қайнатылады, май төгіледі, құбырларға жабысады. Соның бәрі іргетасқа зиян келтіреді. Шағымданып шаршадық, нәтиже жоқ, – дейді тұрғын.
Ең қызығы — өрттен кейін де кафе жұмысын жалғастырып жатыр.
– Кафе жөндеу аяқталған соң қайта ашылатынын бәрі біледі. Бірақ қазірдің өзінде жеткізу қызметі істеп тұр. Бүйір жағынан есік ашық, қағаз қаптар кіргізіліп жатқанын өз көзімізбен көрдік, – дейді тұрғын.
Астана әкімдігі тұрғындардың бұл мәлімдемесіне жауап беріп, кафенің жұмыс істемейтінін айтты. Тіпті ведомство «бәрі өртеніп кеткен, жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ» деген видеоны да таратқан. Бірақ Wolt жеткізу қосымшасында «Karima – Достық» мекенжайы бойынша әлі де тапсырыс беруге болады. Кафенің басқа мекенжайы жоқ. Бұл жағдайға ешкім түсінік бере алмады.
Ал Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті өрттің себебі анықталып жатқанын және қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
– Барлық тергеу амалдары аяқталғанға дейін іс туралы мәлімет жарияланбайды, – деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.
Осылайша, елорда орталығында, министрліктер үйінен бірнеше аялдама жерде, санитарлық нормаларды бұзып, тұрғындардың шағымдарын елемей, өртке жол беріп, соның өзінде жұмысын жалғастырып отырған кафе бар болып шықты.