Тегін контрацептивтер: әйел денсаулығын қорғау ма, әлде жыныстық мәдениет сыналатын сәт пе?

Динара Жарқынбек
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда әлеуметтік осал топтағы әйелдерге тегін контрацептивтер тарату басталды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мұны жоспарланбаған жүктіліктер мен аборттарды азайтудың тәсілі деп атады. Психологтардың сөзінше, бұл бастама жалғыз шешім емес. 

Бірақ қоғамда салада басқа да шешімін таппаған түйткіл көп. Дәрігерлерге жалақы жетпей, ауылдарда жедел жәрдем тапшы тұрғанда, министрліктің бұл бастамасы қаншалық орынды?

75 мың аборт және 12 мың жасөспірімнің жүктілігі

Ресми дерек бойынша, елде жыл сайын 75 мың жасанды түсік жасалады. Соңғы бес жылда 12 мың қыз бала – 18 жасқа дейінгі жасөспірім жүкті болған. Бұл — қоғамдағы жыныстық сауатсыздықтың айқын көрінісі.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл көрсеткішті төмендету үшін емханаларда тегін контрацептивтер таратылатынын, ал жергілікті әкімдіктерге осы мақсатта бюджеттен қаржы қарастыру тапсырылғанын мәлімдеді.

-Фертиль жастағы әлеуметтік осал әйелдерді контрацепциямен қамту қажет. Бұл күтпеген жүктіліктің алдын алып, әйелдің өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі,— деді министр.

Қаржы мен шешілмеген мәселелер

Бағдарламаға қаржы жергілікті бюджеттер мен медицина ұйымдарының өз есебінен бөлінуде. Ал нақты сомасы әзірге ашық айтылған жоқ. Дегенмен, біршама миллион, тіпті миллиардттар жұмсалатыны анық. 

Медицинада шешілмеген мәселе жетерлік. Атап айтсақ, онкология қаржысын 20%-ға қысқарту талқылануда және ауылдарда дәрігер мен жедел жәрдем жетіспейді. Педиатр мен реаниматолог тапшылығы 4 мың маманға жеткен. Дәрігер жалақысы инфляцияға ілеспей қалғаны тағы бар. Олардың айлықт ақысы 300–400 мың теңге аралығында ғана.  

Депутат Асхат Аймағамбетов былтырдың өзінде онкоауруларды емдеуге бөлінген 30 млрд теңге игерілмей қалғанын сынға алған еді. Кей өңірлерде обырмен ауыратындар қажетті дәрі-дәрмекті айлап күтеді, ал ауылда медициналық көмекке жету – нағыз сынақ.

Жыныстық тәрбие – басты вакуум

Психолог Назым Сиязбек министрліктің бұл қадамын қолдайды, бірақ мәселе тереңірек екенін ескертеді:

-Бізде жыныстық сауаттылық – ұят тақырып. Қоғам әлі күнге дейін бұл мәселені жабық ұстайды. Бірақ контрацептивтің де пайдасы мен зияны бар. Көп әйел дәрігер кеңесінсіз қабылдайды, бұл кейін бедеулікке әкеледі,-деді маман. 

Сондықтан, поликлиникалар тек дәрі берумен шектелмей, дәрігер мен психологтың түсіндіруін, ақпараттық материалдар таратуды жолға қоюы керек.

Ал психоолог Анаргүл Ибраимбекова ерте жүктілік пен жауапсыз жүктіліктің түп себебін мүлде басқа жақтан іздеу керек дейді:

-Жасөспірімдер ерте қатынастарға білімсіздіктен барады. Ақпарат жетіспейді, ата-анамен сенім жоқ. “Мені жақсы көреді” деген иллюзиямен қорғанусыз қатынасқа түседі. Мұның шешімі – жыныстық сауаттылық пен психологиялық сенім жүйесін қалыптастыру. Сондай-ақ,жігіттерді де жауапкершілікке ертеректен үйрету маңызды. -деді. 

Контрацептивтер тарату — уақытша шешім ғана. Егер мемлекет шынымен әйелдің өмірін, қоғамның денсаулығын қорғағысы келсе, мәселе дәрі-дәрмекпен емес, жүйемен шешілуі керек.

Біріншіден, жыныстық сауаттылықты мектеп пен отбасында ашық, жүйелі түрде үйрету қажет. Бұл — тақырып денсаулық мәдениетінің бір бөлігі. Екіншіден, медицина сапасын арттыру — ең өзекті міндет. Дәрігердің жалақысы мен жабдығы жеткіліксіз болса, ешқандай алдын алу шарасы тиімді болмайды. Үшіншіден, министрліктің назары қоғамның жеке өмірін бақылауға емес, науқастың өмірін сақтауға бағытталуы тиіс.

Сарапшылардың айтуынша, тек осындай жағдайда ғана аборт азаяды, әйелдің де, дәрігердің де өмірі жеңілдейді.

Өзге елдердің тәжірибесінен түйін

Швецияда контрацептивтер тегін болғанымен, басты күш — ағарту мен сенім жүйесіне бағытталған. Әр мектепте психолог пен медбике кеңес береді. Оңтүстік Корея керісінше, 1970 жылдары отбасын жоспарлауға тым қатты кірісіп, туу көрсеткішін шектен тыс түсіріп алды. Кейін мемлекет бұл саясаттың өз демографиясына қарсы жұмыс істегенін мойындады.

Қазақстан дәл осы тепе-теңдік сынынан өтіп жатыр. Дәрі бар, бірақ түсінік жоқ.