Спортшыларына көлік сыйлаған Өзбекстанның басы бәлеге қалды

Сырым Қаржас
Фото: ашық дереккөзден

Азия футбол конфедерациясының (АФК) Тәртіптік комитеті Өзбекстан футбол қауымдастығына Катармен өткен ойыннан кейін футболшыларға BYD маркалы автокөліктер сыйлағаны үшін 341 мың доллар көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

АФК ережесіне сәйкес, стадион аумағында тек ұйымның ресми демеушілерінің брендтері ғана көрсетілуі тиіс.
Бұл талапты бұзу — коммерциялық құқықтардың бұзылуы болып есептеледі.

Тергеу барысында Өзбекстан футбол қауымдастығы АФК-мен алдын ала келіспестен матчтың жабылу рәсімін ұйымдастырғаны анықталған. Сонымен қатар, АФК мен оның серіктестерінің маркетингтік құқықтарын қорғауды қамтамасыз етпеген, нәтижесінде рұқсат етілмеген брендтердің жарнамасы жасырын түрде жүргізілген (так называемый ambush marketing).

Бұл қауымдастықтың алғашқы тәртіп бұзушылығы емес. Бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ұлттық құраманың ойыншылары мен жаттықтырушыларына 40 BYD автокөлігін сыйлаған болатын. Бұл сыйлық ел тарихында алғаш рет футболшылардың әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне жолдама алу құрметіне берілген еді.

КОНТЕКСТ

30 шілдеде «Кайрат» командасы «Селтикті» сенсациялық түрде жеңгеннен кейін кәсіпкер Нұрлан Смағұлов бас бапкер Рафаэль Уразбахтинді және қақпашы Темірлан Анарбековті жеке марапаттаған болатын.

Кәсіпкер бапкерге жаңа көлік, ал голкиперге макбук сыйлаған.