12 қазанда Семей қаласының әкімін бірінші рет тікелей халық сайлап жатыр. «Билік саяси реформаға балаған» сайлау қалай өтіп жатыр? Бүгін Ulysmedia.kz түсірілім тобы Абай облысының орталығына келді.
Қалада сайлау дүбірі сезілмейді. Кейбір көшелердің бойында «Өз таңдауыңды жаса» деп, халықты сайлауға келуге үндеген баннерлер мен іріктеуден өткен үміткердің сайлау алды бағдарламасы жазылған парақтар байқалады.
Ulysmedia тілдескен Семей тұрғындарының басым көпшілігі кандидаттарды мүлде танымайтынын айтты. Кейбірі сайлауға бармаймын десе, енді бірі кімге дауыс беретінін білмесе де, сайлауға барған.
«Барған жоқпын. Бармаймын. Кандидаттарды танымаймын да. Қайдан білеміз кімді сайлайтынымызды. Танымасам кімді сайлаймын беталды», – дейді Ulysmedia тілшісі сөйлескен тұрғындардың бірі.
«Сайлауға бардым. Дауыс берген адамымның фамилиясын ұмытып қалдым шынымды айтсам. Биографиясында Ақсуаттікі деп тұр екен. Содан оқып дауыс бердім», – дейді тұрғындардың бірі.
«Сайлауға енді кетіп бара жатырмын. Кандидаттарды танымаймын. Үйдің алдына хабарландыру іліп қойыпты. Сайлау дегеннен кейін келе жатырмыз. Кімге дауыс беретінімді білмеймін. Сол жерге барып танысайын деп тұрмын», – деді тағы бір қала тұрғыны.
Олар:
Алайда Шапатов 8 қазанда кандидатурасын алып тастаған. Оның не себепті сайлау додасынан шыққаны белгісіз. Аумақтық сайлау комиссиясы Шапатов өз еркімен бас тартты дейді.
Ulysmedia Қанат Шапатов басқаратын «Балалар мен жастар шығармашылығы» сарайына барды. Ол жердегі қызметкерлер Шапатовтың еңбек демалысында екенін, байланыс нөмерін бере алмайтынын айтты.
Негізі облыстық сайлау комиссиясына сегіз адам құжат тапсырған. Оның үшеуі өтпей қалған. Біреуі құжатын кері қайтарып алған. Тіркеуден өтпей қалған адамдардың бірі – қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бұрынғы бастығы Бақытбек Байболов.Ол комиссия шешімімен келіспей, сотқа жүгініп, жеңіліп қалды. Азаматтық белсенділер әкім сайлауын билік тағы да өзінің қолайына жағатын кандидаттардың арасында өткізіп жатыр дейді.
Семейде 128 сайлау учаскесі бар. Қалада 220 мыңнан астам адам дауыс беруге құқылы.