Путингді халықаралық сот күтіп тұр ма - Еуроодақ іске кірісті

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Еуропалық Одақ Ресейдің Украинаға қарсы жасаған қылмыстары үшін ел басшылығын жауапқа тартатын халықаралық трибуналды құруға 10 миллион еуро бөлді. Бұл туралы ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас Киевке сапары кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЕУРООДАҚ “ПУТИН ТРИБУНАЛЫН” ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫ БАСТАДЫ

Калластің айтуынша, “Ресейдің Украинадағы соғыс қылмыстарының дәлелдері айқын. Жазаланбаған қылмыстар жаңа зұлымдықтарға жол ашады”. Ол бөлінген қаржының “агрессия қылмыстарына кінәлілердің әділ соттан қашып құтылмауын қамтамасыз етуге бағытталғанын” атап өтті.

Сонымен қатар Каллас Украинаға қосымша 6 миллион еуро бөлінетінін хабарлады. Бұл қаражат Ресей әкеткен украин балалары мен соғыс кезінде жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қолдауға жұмсалады.

“ПУТИН ТРИБУНАЛЫ” ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ

Арнайы трибунал құру жұмысы 2024 жылдың ақпан айында басталған. Ал 25 маусым күні Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Ален Берсе мен Украина президенті Владимир Зеленский Страсбургте трибунал құру туралы келісімге қол қойды.

Трибунал тергеу аясында 2014 жылдан бастап болған оқиғаларды қарастырады — яғни Ресейдің Қырымды аннексиялаған кезінен бастап.

Украина Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл трибунал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тұңғыш халықаралық сот органы болмақ, ол “лауазымы мен мәртебесіне қарамастан кез келген тұлғаны” тергеуге және жауапқа тартуға құқылы.

Алайда халықаралық құқыққа сәйкес, мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілері жеке иммунитетке ие. Сондықтан трибунал Владимир Путинге қатысты қылмыстық істі тергей алады, бірақ оны соттай алмайды (тіпті сырттай да). Дәл осындай қорғауға Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавров та ие. Сарапшылардың болжамынша, Путинге қарсы нақты қудалау тек оның биліктен кеткеннен кейін ғана мүмкін болады.

МӘСКЕУДІҢ ПОЗИЦИЯСЫ

Ресей өз бастаған соғысты қылмыс деп мойындамайды және Батыс елдерінің құқықтық институттарымен ынтымақтаспайды. 2022 жылдың наурыз айында Мәскеу Еуропа Кеңесінен толық шыққан болатын, бұл Ресей аумағынан күдіктілерді экстрадициялауды іс жүзінде мүмкін емес етті.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ЕО трибунал құру бастамасына “ешқандай реакция білдірмейтінін” айтты. Ал Ресей Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Александр Венедиктов бұл жобаны “еуропалық салық төлеушілердің ақшасын тағы бір рет ысырап ету тәсілі” деп атады.