Бірнеше банк ипотека беруді тоқтатты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда бірқатар банк қайталама нарықтағы (ескі үйлерді) тұрғын үйге ипотека беруді уақытша тоқтатты, қазір олар тек кеңес беру қызметін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Базалық мөлшерлеменің көтерілуінен кейін банктердің маржасы қысқарып, екінші нарықтағы ипотеканы беру экономикалық тұрғыда тиімсіз болған. krisha.kz сайтында несие беруді тоқтатқан банк тізімі жарияланды. Алайда банктер ипотекалық кредиттеуді қашан қайта бастайтынын және болашақта шарттар қайта қарала ма, жоқ па — нақты айтқан жоқ.

– Қайталама нарықтағы ипотека берудің тоқтатылуы – банктердің жаңа жағдайға заңды түрде берген реакциясы. Енді бұл сегментті несиелеу тиімсіз: тәуекел жоғары, ал табыс деңгейі қаржыландырудың өзіндік құнынан төмен. Бұл ипотеканың мүлде жоғалып кететінін білдірмейді. Банк жүйесі икемді — ол табыс табудың жаңа жолдарын, мысалы, комиссиялар, сақтандыру өнімдері мен балама қаржыландыру схемалары арқылы таба алады. Қарапайым ипотека азайғанымен, құрылыс компанияларымен тікелей жасалатын бөліп төлеу, ішкі бағдарламалар мен бірлескен қаржыландыру үлгілері көбейеді, – дейді нарық сарапшысы Имран Османов.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 10 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерген болатын.