Петропавлда кәсіпкер Александр Клебановқа тиесілі жылу желілері қалалық коммуналдық меншікке беріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Петропавл әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта «Петропавл жылу желілері» ЖШС-ін қаланың балансына беру жөнінде келіссөздер жүріп жатыр, деп жазады pkzsk.info.
– «Севказэнерго» АҚ мен Петропавл қаласы әкімдігі арасында «Петропавл жылу желілерін» коммуналдық меншікке беру туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл қадамның басты мақсаты – қаланың жылумен қамту жүйесін біріктіріп басқару арқылы оны кешенді жаңғырту, энергия тиімділігін және сенімділігін арттыру, – деп хабарлады Петропавл әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шенеуніктер келісімнің нақты шарттарын жариялаған жоқ.
ИЕЛЕР
Қазіргі таңда «Петропавл жылу желілері» «Севказэнерго» АҚ-на тиесілі. Ал «Севказэнерго» – «Орталық Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» (ЦАЭК) компаниясының еншілес кәсіпорны. Өз кезегінде ЦАЭК-тің бақылау пакеті «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» (ОАОЭК) акционерлік қоғамына тиесілі.
ОАОЭК-тің 50%, ал ЦАЭК-тің 47,1% акциясы кәсіпкер Александр Клебановқа қарайды. Басылым мәліметінше, дәл сол Клебанов «Севказэнерго» және Петропавлдың ЖЭО-2-не байланысты өзге кәсіпорындардың тағдырын шешетін негізгі тұлға болып отыр.
Әкімдіктің дерегінше, Петропавлдағы жылу желілерінің тозу деңгейі 70%-дан асады.