Бір кездері ертеңіне үмітпен қарайтын жас буынның кей бөлігі бүгінде агрессия мен ашу жетегінде. Көшедегі бұзақылық, мектептегі буллинг, әлеуметтік желідегі зорлықты насихаттайтын контент — барлығы бір түйінге тоғысып, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың қауіпті деңгейге жеткенін көрсетіп отыр.
Биылдың өзінде Қазақстанда жасөспірімдер тарапынан 1600-ге жуық қылмыс тіркелгенін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді. Бұл көрсеткіш былтырғыдан жоғары. Өткен жылы барлығы 1161 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, 2025 жылы (қазан айының ортасына дейін) бұл сан 1600-ге жеткен.
Алайда, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің сараптамасына жүгінсек, былтыр 1988 қылмыстық заңбұзушылық тіркелген. Ал биыл 14 қазанға дейін 1161 жағдай тіркелді.
Осы жыл басынан бері жасөспірімдер қылмысының ең көп тіркелген өңірлер -Шымкент пен Астана қалалары, Түркістан облысы.
Елдегі балалар қылмысының басым бөлігі — ұрлық, тонау, бұзақылық және орташа деңгейдегі денсаулыққа зиян келтіру. Былтыр зорлау фактісі бойынша 26 жағдай, адам өлтіру — 18 жағдай тіркелген. Биыл да бұл үрдіс өзгеріссіз қалған. Зорлау әрекеттері бойынша 6 адам, адам өлтіру бойынша 3 жағдай, адам ұрлау бойынша тағы 3 іс тіркелді.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, басты себеп – ата-аналардың балаларын бақылаусыз қалдыруы.
-Түнде көшеде жүрген балаларға қатысты 107 мың ата-ана және 1900 ойын-сауық мекемесінің иесі жауапкершілікке тартылды. 4 200 қараусыз бала бейімдеу орталығына жеткізілді,– дейді министр.
Министрдің сөзінше, 5 100 бала мен 6 400 ата-ана профилактикалық есепке алынған. Жасөспірімдер арасында 1 800 бейресми “көше көшбасшысы” анықталып, олардың кейбірі қорқытып ақша алу сияқты әрекеттермен айналысқан.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов қазіргі ахуалды ашық айтты.
-Кейбір жасөспірімдер есірткі таратушылықпен (закладчиктердің) айналысып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Биыл осындай істер бойынша 61 кәмелетке толмаған бала анықталды. Фактілердің басым бөлігі бойынша қазір тергеу жүріп жатыр,– дейді ол.
Оның айтуынша, олардың ішінде-10 мектеп оқушысы, 40 колледж студенті, қалғандары — жоғары оқу орындарының студенттері мен жұмыссыз жастар.
-Көп жағдайда балалар мұндай іске саналы түрде барады. Оларды «жеңіл ақша табу» қызықтырады. Бірақ кейін өкінеді,– дейді полковник.
Статистикаға сүйенсек, түрмедегі балалардың 11%-ы есірткі қылмысы үшін сотталған. Былтыр елдегі балалар колониясында 50-ге жуық жеткіншек жазасын өтесе, биыл олардың саны 80-ге жуықтады. Жартысынан астамы ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған. Ал, 27 бала аса ауыр қылмысқа барған.
Еске салсақ, қыркүйек айында Жамбыл облысында 10-сынып оқушысы футбол матчы кезінде сыныптасы қолынан қаза тапты. Конфликт 10 және 11 сынып оқушылары арасында болған.
-Жедел жәрдем келгенде бала алған жарақаттарынан көз жұмған,– дейді облыстық білім басқармасы.
Қазір 16 және 17 жастағы екі жасөспірім тергеу изоляторында отыр. Бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндіріп, мектеп ішіндегі зорлықтың шектен шығып бара жатқанын көрсетті.
Сондай-ақ, Сағыз ауылында әр түрлі микрорайондардың жасөспірімдері арасында жаппай төбелес болды. Сегіз бала ұсталып, ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырылды.
-Мұндай төбелестер жиілеп кетті. Бұл енді ойын емес, қауіпті әдетке айналды,– дейді ауыл тұрғыны.
Биыл Шымкентте болған жантүршігерлік оқиға ел есінде. 11-сынып оқушысы 26 жастағы әйелді өлтіріп, денесін қорлаған.
-Ол 26 пышақ жарақатын салып, кейін мәйітті қапқа орап қоқысқа тастаған,– деді прокурор Нұржігіт Ерментай.
Кәмелетке толмаған айыпталушыға аса ауыр жаза қарастырылуда.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының дерегінше, 11 және 13 жастағы әрбір бесінші, ал 15 жастағы әрбір оныншы жасөспірім мектепте буллингке ұшырайды. 2024 жылы енгізілген заң бойынша буллингке қатысқандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Былтыр бұл бап бойынша 256 адам жауапқа тартылған.
Психологтар мұндай агрессияның тамыры көбіне отбасындағы қарым-қатынасқа байланысты дейді.
-Ата-ананың эмоциялық байланысы үзілген бала өзін қорғаудың агрессивті формасын таңдайды. Ол күш арқылы мойындатқысы келеді,– дейді психолог Анаргүл Ибраимбекова.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи мәселенің әлеуметтік жағына назар аударып, мәселенің қазіргі қоғамда екенін айтты.
-Бүгінгі балалардың қатыгездігі – бұл жалпы қоғамның айнасы. Ата-аналар жұмысбасты, тәрбиені екінші орынға ысырып қойды. Телефон – басты тәрбие құралына айналды,– дейді депутат.
Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мәлімдеме жасап, Қазақстанда ата-аналар тарапынан зорлықтың азайғанын хабарлады.
-Физикалық және психологиялық жазалау деңгейі 53%-дан 38%-ға төмендеді,– дейді ол.
ЮНИСЕФ деректері бойынша, бұл көрсеткіш Орталық Азия мен Еуропа елдері арасында ең жақсы нәтижелердің бірі.
-QR 111 платформасы арқылы күніне мыңға жуық бала көмек сұрайды. Бұл — қоғамда үнсіз қалған балалардың үні естіліп жатқанын көрсетеді,– деп атап өтті Закиева.
Жасөспірімдер қылмысының көбеюі – тек полицияның емес, әр ата-ананың, әр мектептің, әр қоғам мүшесінің мәселесі. Бүгінгі көңіл көншітпейтін статистика – ертеңгі қоғамның бет-бейнесі екенін алға тартты психологтар. Сондай-ақ, қатыгездікке бейім баланы жазалау мәселені шешпейтін көрінеді. Әуелі ата-ана баланы мейірімге бөлеп, өз жүріс-тұрысы мен сөзін реттеу керек деп кеңес берді.