Қолында емізулі сәбиі бар курьер әйелдің суреті әлеуметтік желілерде кең тарап кетті. Қазақстандықтар жас ананы тауып, оған көмектесу үшін іздестіріп жатыр, ал журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен әйелдердің декреттік демалыста болса да қосымша жұмыс істеуге мәжбүр болуы қаншалықты дұрыс екенін сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Бұл – отбасылық бюджет мәселесі»
Бұл фотосурет әлеуметтік желілерде қызу талқылауға себеп болды. Пайдаланушылар баласын ыстықта жұмысына алып шыққан әйелге алаңдаушылық білдіріп, отбасыға қаражат жинауды ұйымдастыруды ұсынуда.
– Көшеде ыстық, бала күн астында жүр. Анасы баласы үшін бәріне дайын. Мүмкін, отбасыға көмектесу үшін қаражат жинауды ұйымдастырған дұрыс болар, – деп жазды желі қолданушылары.
Журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдан декреттік демалыста жүрген әйелдің қосымша жұмыс істеуге мәжбүр болуы қаншалықты дұрыс екенін сұрады. Алайда шенеунік нақты жағдайға баға беруден бас тартты.
– Біріншіден, бұл фотосурет қай жерде түсірілгенін және қай қалаға қатысты екенін білмеймін. Екіншіден, декреттік демалыстағы ананың не істеуі керек деген мәселе – бұл отбасылық бюджет пен отбасы ішіндегі қарым-қатынас мәселесі деп ойлаймын. Сондықтан бұл туралы менің тарапымнан пікір білдіру дұрыс болмас еді, – деді Шегай.
Контекст
Қазақстанда декреттік төлемдер мәселесі барған сайын өзекті болып барады. 2023 жылдан бастап 1,5 жасқа дейінгі баласы бар жұмыс істейтін әйелдер декреттік төлемдерден өз еркімен бас тартуы тиіс. Әйтпесе, мемлекет бұрын төленген қаражатты «кері қайтаруды» талап етуі мүмкін. Қазір бұл сома 3,8 млрд теңгені құрайтыны есептелген.