«Қазақмыс» Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі жағдайға қатысты түсініктеме берді. Бұған дейін кеніш жұмысшылары компания басшылығына бірқатар талап қойған болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Қазақмыс” корпорациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, басшылық еңбек ұжымының өкілдерімен кездесіп, еңбек жағдайы мен жабдықтардың техникалық жай-күйіне қатысты мәселелерді талқылаған.
– Негізгі сұрақтардың басым бөлігі ұзақ уақыт бойы жеткіліксіз қаржыландыру салдарынан жабдықтардың техникалық жағдайына қатысты болды. Осыған байланысты басшылық сенімділік пен қауіпсіздікті арттыру, сондай-ақ қызметкерлердің еңбек жағдайын одан әрі жақсарту үшін инвестициялық бағдарламаны кеңейтіп, жеделдетуді жоспарлап отыр, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар компания кеніш қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.
Контекст
Бұған дейін шахтерлер жұмысты тоқтатып, жалақыны 50% көтеруді және өндіріс жөніндегі орынбасар Саят Бакировты қызметінен босатуды талап еткені хабарланған. Жұмысшылардың айтуынша, наразылыққа компаниядағы кадрлық өзгерістерден кейін еңбек ұжымына түсетін қысымның күшеюі де себеп болған.