Сара Назарбаева қазір қайда ем қабылдап жатыр?

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Ulysmedia.kz дереккөзінің хабарлауынша, Қазақстанның тұңғыш президентінің жары Сара Назарбаева Швейцарияда ем қабылдап жатыр. Оның қасында қызы Динара Құлыбаева анасына өзі қарасып отыр. Бұған дейін БАҚ-та Қазақстанның бұрынғы бірінші ханымы қайтыс болды деген қауесет тараған еді.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ulysmedia.kz-тің мәліметінше, тұңғыш президенттің жұбайы Сара Назарбаева Швейцариядағы жекеменшік клиникалардың бірінде ем алып жатыр. Басылымға сұхбат берген дереккөзге сүйенсек, оның қасында қызы Динара Құлыбаева бар және ол анасына өзі қарап отыр. Еске сала кетсек, биыл мамыр айында Orda.kz порталы Сара Назарбаеваның қазасы туралы хабар таратқан болатын. Журналистер Алматы маңындағы барлық зираттарды аралап, бірнеше қабірдің суретін жариялап, оның денесі сол жерлердің бірінде жерленген болуы мүмкін деген болжам айтқан.

Кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұл ақпаратты жоққа шығарып, Сара Алпысқызы тірі екенін және ем қабылдап жатқанын мәлімдеді. Сол уақыттан бері Назарбаевтар отбасы бұл жағдайға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Айта кетсек, 2025 жылдың ақпанында Сара Назарбаева 84 жасқа толды.