Қазақстанның батысындағы Ақтау және Құрық порттарында экспорттық астық жөнелтуге қатысты уақытша шектеулер бизнеске елеулі шығын әкеліп отыр. Экспорттаушылардың шағымы бойынша, логистикадағы іркілістер мен порттың өткізу қабілетінің төмендігі салдарынан нарықта айналым баяулап, фермерлер де өз өнімін сата алмай отыр. ҚТЖ 6-20 қазан аралығында шектеу енгізген. Қазір жағдай қалыпқа келе жатқанын хабарлады.Ulysmedia.kz тілшісінің зерттеу материалы.
ЭКСПОРТТАУШЫЛАРДЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ: ВАГОН ТҰРЫП, АҚША ҚАТЫП ТҰР
Астық экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы Зейнолла Абдуманаповтың айтуынша, соңғы жылдары елімізде астық көлемі тұрақты түрде өсіп келеді — соңғы үш жылда орақ науқанының нәтижесі 20 млн тоннадан асқан. Алайда, тасымал инфрақұрылымы бұл қарқынға ілесе алмай отыр.
— Бұрын 17–18 миллион тонна болатын. Қазір ұсыныс көп, бірақ сыртқы сұраныс төмен. Негізгі нарықтар – Орта Азия елдері мен Ауғанстан. Бұған дейін Иран бағыты бойынша Ақтау порты арқылы экспорт белсенді жүретін, бірақ соңғы жылдары Ресей де астық жібере бастады. Нәтижесінде біздің экспорт көлемі азайды, — дейді ол.
Абдуманаповтың айтуынша, Ақтау мен Құрық порттарындағы өткізу мүмкіндігі шектеулі. «Солтүстік терминал» мен «Ақбидай» өз қуатынан артық жұмыс істей алмай отыр. Ал жеке меншік Құрық портында да компаниялар үшін біркелкі қолжетімділік жоқ.
Мәселе тек тасымалдау процесінде емес, қаржылық айналымға да тіреліп тұр.
— Вагон 2-3 апта портта тұрса, экспорттаушының ақшасы айналымнан шығады. Контрагент төлемді тек жүк кемеге тиелгеннен кейін ғана жасайды. Ал осы уақыт аралығында қаражат «тоқтап» қалады. Кемелердің тұрып қалуы үшін де айыппұл төлейді, — деп түсіндірді ол.
Қауымдастық өкілі ҚТЖ енгізетін шектеулердің алдын ала ескертілмеуін де сынға алды.
— Вагондар жолда келе жатады, ал келесі күні Ақтау бағытына тыйым жарияланады. Бұл бизнес үшін күтпеген соққы. Әсіресе, күз-қараша айлары — экспорттың негізгі маусымы, бірақ жыл сайын осы кезде вагон кептелісі қайталанады, — дейді Абдуманапов.
Қазақстан астық одағының талдау комитетінің жетекшісі Евгений Карабановтың айтуынша, басты себеп – Каспийдегі кемелер тапшылығы.
—Қазір көптеген кеме Ресейдің өзендерінде – Еділде (Волгада) жұмыс істеп жүр. Қараша айында ол жақта навигация маусымы аяқталады, сондықтан кеме иелері жүктің бәрін уақытында түсіріп үлгеруге тырысуда. Сол себепті Каспийде кеме жетіспей жатыр. Мәселені шешудің жалғыз жолы – жаңа кемелер салу. Алайда жүк сыйымдылығы небәрі 3 мың тонна болатын бір жүк кемесінің құны 8–9 миллион долларды құрайды. Мұндай қымбат жобаларға жеке сектор бара бермейді, себебі Иран бағыты тұрақсыз, тәуекел жоғары, – дейді Карабанов.
ҚТЖ-НЫҢ АҚТАЛУЫ: ПОРТТАҒЫ ШЕКТЕУЛЕР УАҚЫТША
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бұл шектеулердің негізінен ауа райының қолайсыздығына және теңіздегі маусымдық факторларға байланысты екенін мәлімдеді. Компания өкілі Ғани Есенбаевтың айтуынша, Ақтау портында жүк тиеу жұмыстары жел мен толқын салдарынан уақытша тоқтаған.
— Күн райы бұзылып тұр, жел соғып, толқын көтерілді. Бұл — іркілістің басты себебі. Екінші себеп — Каспий бассейндегі кемелердің көбі Астрахан–Иран бағытына кетіп қалған. Өйткені Иранда сұранысқа ие жүк көп, ал бізге олардың жүгі аз келеді. Тариф айырмасы 10–15 долларға дейін жетеді, — деді ол.
Қыркүйек айында Ақтау портына жалпы жүк көтерімділігі шамамен 50 мың тонна болатын 14 кеме келген. Соның салдарынан терминалдар мен кіреберіс жолдарда шамамен 700 жүк тиелген вагон жиналып қалған. Ал тағы 140-қа жуық вагон портқа қарай жолда келе жатыр. Дегенмен, бүгінге тұрып қалған вагондардың 500-ге жуық вагонның жүгі түсіріліп, кептеліс тыйыла бастады.
— Соның салдарынан шамамен 700 вагон портта тұрып қалды. Біз шектеулерді жариялап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Қазір бұл сан 150 вагонға дейін азайды, бірақ терминалдар әлі де толып тұр, — деді Есенбаев.
Айтуынша, әдетте, Астрахан шығанағында мұз қатқан соң, Иран бағытындағы кемелер қайтадан Ақтау портына оралады.
ҚЫТАЙ БАҒЫТЫ ДА БАЯУЛАДЫ
Экспорттағы қиындық тек Каспиймен шектелмейді. ҚТЖ мәліметінше, Қытай шекарасында да астық қабылдау қарқыны төмендеген. Көрші елдің фитосанитарлық және карантиндік органдары тексеру мерзімін мереке кезеңінде 5 күннен 10 тәулікке дейін ұзартқан.
МӘЖІЛІСТЕ САЛАДАҒЫ ТҮЙТКІЛДЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Мәжіліс қабырғасында депутаттар бірқатар жүйелі проблеманы көтерді. Арнайы астық таситын вагондардың жетіспеушілігі, жүктің ұзақ тұрып қалуына жауапкершілікті аграрийлерге аудару әрекеттері қаралды. Сондай ақ, тасымалдау шарттарының бұзылуы, жаңа вагондарды отандық зауыттардан сатып алу қажеттілігі мен заңсыз астық импорты мен шекарадағы кептелістер талқыланды.
Көпшілік инфрқұрылым проблемасын қаузап жатса, депутат Павел Казанцев соңғы жылдары инфрақұрылымдық жағдай едәуір жақсарғанын айтты.
— Бұрын вагон мен контейнер жетіспейтін, теміржол желісінде де қиындықтар көп болатын. Қазір бұл мәселелер біртіндеп шешіліп келеді, — деді Казанцев.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ АҚСАП ТҰРҒАНДА ҚТЖ ТАРИФТІ КӨТЕРМЕК
ҚТЖ басқарушы директоры Дайыр Көшеров мәлімдегендей, соңғы екі жылда тарифтер орта есеппен 24%-ға артқанымен, компания әлі де астық тасымалдаудан шығын көруде. Тасымалдаудан табыс жоқ дейді.
2024 жылы бұл шығын 44 млрд теңгеге жеткенін алға тартты. Үкімет шешімімен тарифтер 2026 жылға дейін жыл сайын 24 пайызға өсіп, жұмыс ақталу үшін тариф деңгейі 2030 жылға қарай өзіндік құн деңгейіне жеткізілмек.