АҚШ-та мәйіт табылды: ол жоғалып кеткен қазақстандық болуы мүмкін

Ulysmedia
Фото: instagram.com/prokadrykz

АҚШ-та Қазақстан азаматы болуы мүмкін адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, АҚШ-тан брифинг басталар сәттің алдында ғана ақпарат түскен.

«Сыртқы істер министрлігі АҚШ құзырлы органдарынан табылған мәйіттің Қазақстан азаматы болуы мүмкін екені туралы ақпарат алды. Қазіргі уақытта АҚШ тарапынан қажетті рәсімдер жүргізілуде. Біздің дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен және азаматтың туыстарымен байланыста. Оларға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр», – деді Ерлан Жетібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қазақстан азаматы Асет Құралбайдың Чикагода жоғалып кеткені туралы ақпарат өткен демалыс күндері белгілі болған. Ол соңғы рет 2 маусымда байланысқа шыққан, ал 7 маусымнан бері оның телефоны өшірулі. Үйінде құжаттары мен банк карталары қалған.