Қоғам өкілдері жануарларға жауапты қарау туралы заңға енгізілген түзетулерге байланысты Қазақстан президентіне жүгінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл үндеуді Мемлекеттік саясат мектебінің ғылыми қызметкері, ҚР Президенті әкімшілігі бөлімінің бұрынғы басшысының орынбасары Олжас Жораев жариялады. Авторлардың пікірінше, депутаттар ұсынған түзетулер жалған деректерге негізделген, жемқорлық схемаларын сақтап отыр және санитарлық-эпидемиологиялық қауіп төндіреді. Ал ұсынылған заң жобасының ережелері елде жануарларды шексіз ұстау, өлтіру және олардың етін қоғамдық тамақтану орындарында пайдалану тәжірибесін сақтауға бағытталған.
– Мәжіліс депутаттарының ұсыныстарының мәні қаңғыбас және иесіз жануарларды (оның ішінде жоғалғандарды да) бес күн ішінде жаппай эвтаназиялауға, сондай-ақ үй жануарларын ұстауға мүмкіндік беруге саяды. Бұл жануар иелерінің жауапсыздығын одан әрі күшейтіп, қатыгез әрі ауыр жолмен өлтірудің қолданыстағы әдістерін заңдастырады, сонымен қатар эпидемиологиялық талаптарды бұза отырып, олардың денелерін жоюға әкеледі, – делінген үндеуде.
Қоғам белсенділері мәжіліске баламалы түзетулер жолдаған. Олар жануарлар санын адамгершілік тұрғыдан реттеу әдістерін енгізуге, бюджет шығынын қысқартуға және ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
– Баламалы заң жобасын қабылдау қолданыстағы заңды жетілдіруге мүмкіндік береді. Онда жануарларды есепке алу мен стерилизациялау, ұстау – стерилизациялау – вакцинациялау – қайта жіберу бағдарламасын енгізу, жануарларды көбейту мен айналымын бақылауды шектеу, өз бетінше серуендеткені үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту сияқты тиімді тетіктер қарастырылған, – делінген үндеуде.
Олар президенттен мәжіліс ұсынған заңнамалық түзетулерге вето қойып, баламалы заң жобасын қарауға бастамашы болуды сұрады.