Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов еліміздегі футбол саласын дамытуға қатысты депутаттық сауалға ресми жауап берді. Үкімет басшысы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру және саладағы бюджет қаржысын тиімді жұмсау бағытында кешенді шаралар қолға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Футбол клубтарын жекешелендіру жүріп жатыр
Бектеновтың айтуынша, туризм және спорт министрлігі, Қазақстан футбол федерациясы және жергілікті әкімдіктер аймақтық және республикалық деңгейдегі әлеуетті инвесторлармен жұмыс жүргізіп жатыр.
Қазірдің өзінде бірнеше компания қызығушылық танытқан:
• «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ (Сергей Кан) – «Қызыл-Жар» ФК-ны сатып алу мүмкіндігін қарастыруда;
• Freedom Finance (Тимур Турлов) – «Шахтер» ФК үшін жаңа стадион мен футбол академиясын салуға дайын;
• Kaspi Group (Михаил Ломтадзе) – «Жеңіс» ФК сатып алып, Астанада футбол инфрақұрылымын дамытуға ниетті;
• «TAU GROUP LTD» (Ислам Козбаков) – «Қайсар» ФК-ны сатып алуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ «Тараз», «Елімай» және «Ертіс» клубтарына қызығушылық танытқан инвесторлармен де келіссөздер жүргізілуде.
Бектенов мемлекет басшысының футбол клубтарын жекешелендіру туралы тапсырмасын орындау мақсатында Үкіметтің «2021–2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары» жаңартылып жатқанын атап өтті. Қаулы жобасы қазір тиісті мемлекеттік органдармен келісу сатысында.
Бюджет және қаржы тәртібі
Премьер-министрдің айтуынша, өңірлік әкімдіктер жыл сайын жергілікті бюджет есебінен футболды дамытуға қаржы бөледі. 2025 жылы бұл мақсатқа 34,9 млрд теңге қарастырылған.
Оның ішінде:
• 31,8 млрд теңге – Премьер-лига және Бірінші лига клубтарын қолдауға;
• 3,1 млрд теңге – балалар мен бұқаралық футболды дамытуға бағытталған.
Алайда мемлекеттік аудит пен өңірлік тексеру комиссияларының деректері бойынша 2021–2025 жылдары футбол саласында 100-ден аса заңбұзушылық анықталған.
Олар қаржының мақсатсыз жұмсалуы, артық төлемдер және тиімсіз жоспарлау сияқты деректермен байланысты.
Мысалы, «Ақтөбе» ФК бойынша облыстық прокуратураның тексеру нәтижесінде 250 млн теңгеден астам қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны анықталған, ойыншыларға ішкі ережесіз сыйақы төлеу және келісімшарт бағасын негізсіз көтеру фактілері тіркелген.
Жаңа заңнамалық өзгерістер мен шектеулер
Футболдағы қаржы тәртібін күшейту мақсатында «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға өзгерістер енгізілді.
2026 жылдан бастап шетелдік легионерлерді мемлекеттік және квазимемлекеттік қаражат есебінен қаржыландыруға тыйым салынады.
Сонымен қатар, Туризм және спорт министрінің бұйрығымен жергілікті атқарушы органдарға футбол клубтарын қаржыландыруға лимит енгізілді – енді бюджеттен 500 АЕК-тен артық қаржы төленбеуі тиіс.
2026 жылдан бастап жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат шектеліп, клубтарды қаржыландыруға жеке инвесторларды тарту міндеті қойылады.
Жаттықтырушылардың еңбекақысы өседі
Үкімет 2022 жылдан бастап спорт саласындағы азаматтық қызметшілердің жалақысын жыл сайын 20%-ға өсіріп келеді. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушыларына 30% көлемінде қосымша ақы төлеу жоспарланған. Бұл мақсатқа республикалық бюджет жобасында 1,8 млрд теңге қарастырылған.
Бұдан бөлек, әкімдіктерге ауылдық жерлердегі спорт мамандарына жалақысының кемінде 25%-ы көлемінде үстемеақы белгілеуге мүмкіндік берілген.