Қазақстанға қызығытан инвесторлар азайды - себебі неде

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Қазақстан экономикасына, әсіресе мұнай-газ өндіру саласына шетелдік инвестициялар көлемі айтарлықтай азайған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ИНВЕСТОРЛАР НЕГЕ КЕТІП ЖАТЫР?

Биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы инвестициялық ағын $724,9 млн болған. Бұл үш жыл бұрынғы $9,6 млрд көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Негізгі себептер — ірі жобалардың аяқталуы және мұнай-газ секторындағы жоғары құбылмалылық. Сонымен қатар, сыртқы факторлар, оның ішінде санкциялық қысым да әсер еткен.

Уақытша себептермен қатар, сарапшы Қазақстан ішіндегі жүйелі проблемаларды да атап өтті.

— Оларға құқық қолдану тәжірибесінің бірізді болмауы, реттеуші ортадағы болжамдылықтың төмендеуі, салық саясатының белгісіздігі және әкімшілік рәсімдердің күрделілігі жатады. Бұл келісімдер мерзімінің ұзарып кетуіне себеп болады. Онжылдықтармен өлшенетін жоспарлау көкжиегі бар өндіруші салаларға ұзақ мерзімді инвестициялар үшін институционалдық тұрақтылық пен ережелердің өзгермеуі — басты тартымдылық факторы, — деді AERC сарапшысы Ерасыл Серікбай.

БҰҒАН ДЕЙІН

Орынбор газ өңдеу зауыты (ГӨЗ) қазақстандық Қарашығанақ кен орнынан келетін шикі газды қабылдауды уақытша тоқтатты. Мұндай шешім зауытқа жасалған дрондық шабуылдан кейін қабылданған. 

Қазір «ҚазМұнайГаз» бен «Газпром» бірлесіп құрған «ҚазРосГаз» компаниясы Қарашығанақ кен орнынан шикі газ сатып алу жөнінде ұзақ мерзімді келісімге ие. Жыл сайын шамамен 8 млрд текше метр газ өңдеу үшін Орынбор зауытына жіберіледі.