Астана жылусыз қала ма - Энергетика министрлігінің жауабы

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Министрлік Орынбор газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) жұмысын уақытша тоқтатуы Қазақстанға газ жеткізуге әсер етпегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ

Энергетика министрлігі Астана мен басқа өңірлерде газ тапшылығы болуы мүмкін деген БАҚ пен әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Ведомство газбен қамту штаттық режимде, толық көлемде және ешқандай шектеусіз жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Бұл, соның ішінде, елордадағы ЖЭО-ға да қатысты

— Серіктестерден алдын ала алынған ақпаратқа сәйкес, жақын арада Орынбор ГӨЗ-інде газ қабылдау қайта басталады деп күтілуде. Бұған дейін ОГӨЗ-де газ қабылдауға уақытша шектеулер енгізілуіне байланысты Қарашығанақ кен орнының операторы өндіру көлемін бақылаулы түрде азайтқан болатын. Бұл шара Қазақстанның ішкі нарығына газ жеткізу жөніндегі міндеттемелердің орындалуына әсер етпейді. Зауыттың қалыпты жұмысы қалпына келген соң, өндірістік көрсеткіштер жоспарлы деңгейге қайта оралады, — делінген хабарламада.

Министрлік Қарашығанақта өз газ өңдеу зауытын салу мәселесі үкімет үшін "стратегиялық басымдық" болып табылатынын және белсенді түрде қарастырылып жатқанын қоса айтты.

ДРОН ШАБУЫЛЫ

19 қазанда Орынбор ГӨЗ-інде ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін апат болып, зауыт Қарашығанақ кен орнынан шикі газ қабылдауды уақытша тоқтатты. Зауыттағы зақымның сипаты мен қалпына келтіру мерзімі туралы ақпарат ресейлік тараптан берілген жоқ.

БҰҒАН ДЕЙІН

Сарапшылар Орынбор ГӨЗ-інің тоқтауы Қазақстан экономикасы үшін қиын салдарларға әкелуі мүмкін екенін атап өткен.