Ресей бюджетіндегі басты шығын - Украинадағы соғыс

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Ресейдің 2026 жылғы бюджеті: соғысқа миллиардтар бөлінді, Еуроодақ «қауіпі» ескерілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ресей Мемлекеттік Думасы 2026 жылға арналған федералдық бюджетті және 2027–2028 жылдарға арналған жоспарды бірінші оқылымда мақұлдады. Ең ірі шығын бабы — Украинаға қарсы соғыс. Бұл туралы 22 қазанда парламенттің ресми сайтында хабарланды.

Мемлекеттік Дума төрағасы Вячеслав Володиннің айтуынша, бюджет Еуроодақ тарапынан төнетін «қауіптерді» де ескеріп жасалған. «Бюджет ел алдындағы барлық міндеттерді шешуге бағытталған, азаматтардың мүддесін қорғайды. Әлеуметтік стандарттар жоғары. Санкциялар мен Еуроодақтың қысымына қарамастан, бұл міндеттер орындалады», — деді ол.

Қаржы министрі Антон Силуанов та бюджеттің басым бағыттары ретінде қорғаныс пен қауіпсіздікті атады. Ол Украинадағы соғысқа қатысушылардың отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету бөлек қарастырылғанын атап өтті.

САЛЫҚ ҚАЙТА ҚАРАЛУЫ МҮМКІН

2026 жылы Ресей бюджетінің тапшылығы 3,8 трлн рубльді құрайды: 44,1 трлн рубль шығынға қарсы 40,3 трлн рубль кіріс. Бұл салықтардың өсуіне қарамастан орын алмақ. Мәселен, бизнеске арналған ҚҚС 15%-дан 30%-ға дейін көтеріледі. Сонымен қатар, ҚҚС төлеу үшін табыс шегі алты есе қысқарады — 60 млн рубльден 10 млн рубльге дейін.

Володиннің айтуынша, екінші оқылымға дейін Қаржы министрлігі бұл салық ережелерін қайта қарау мүмкіндігін зерттейді. Алайда нақты өзгерістер туралы ақпарат жоқ.

СОҒЫС ШЫҒЫНДАРЫ РЕКОРДТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ

2026 жылғы бюджет жобасында қорғанысқа бөлінетін қаражат 13,1 трлн рубльден 12,9 трлн рубльге азайғанымен, бұл тек 1,5% ғана. Қорғаныс шығындары жалпы бюджеттің 38%-ын құрайды — бұл ең ірі бап болып қала береді.

Салыстыру үшін: 2021 жылы, яғни соғысқа дейінгі кезеңде, Ресейдің қорғаныс шығындары 3,6 трлн рубль болған — бұл жалпы бюджеттің 15%-ынан аз.