Павлодарда әнші Akmal’ 28 қазанда Естай атындағы Мәдениет сарайында өнер көрсетуі тиіс болған. Алайда әкімдік «техникалық ақауларға» байланысты ғимараттың уақытша жабылғанын хабарлады. Өскемендегі концерт те болмайды. Бұл туралы әнші өзінің Instagram парақшасында жазып, тыңдармандарынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Даудың себебі
Концерттердің тоқтатылуы Петропавлдағы жанжалдан кейін орын алды. Сол концертте көрермендердің бірі әншіге сары-көк түсті қапшыққа салынған сыйлық ұсынған. Akmal’ болса:
— Пакетті өртей салыңыз, түсі ұнамайды, — деп жауап берген.
Бұл сөз қоғамда үлкен наразылық тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары әншіні Қазақстан туының түстеріне құрметсіздік көрсетті деп айыптап, елдегі қалған концерттерін өткізуді тоқтатуды талап етті.
Әнші туралы
Akmal’ - Түрікменстан тумасы, ұйғыр ұлтынан шыққан ресейлік орындаушы. Ол «Из-за тебя», «Вдоль дорог», «По полюшку» секілді әндерімен танымал болған.