АҚШ-тан Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі 61 млрд доллардан асты

Сырым Қаржас
Коллаж: Ұлысмедиа

Премьер-министр Олжас Бектенов АҚШ президентінің арнайы өкілі Серджио Гор және мемлекеттік хатшының бірінші орынбасары Кристофер Ландаумен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Инвестиция мен сауда көлемі

Ұлттық банктің дерегінше, 1993 жылдан бері АҚШ-тан Қазақстанға келген тікелей инвестициялардың жиынтық көлемі $61,2 млрд болған. Бұл — елге тартылған жалпы шетелдік инвестицияның 13%-нан астамы.

Соңғы бес жыл ішінде екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге өсіп, $4,2 млрд-қа жеткен.

Негізгі бағыттар

Кездесуде тараптар өнеркәсіп, цифрландыру, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және су салалары бойынша ынтымақтастықты тереңдету шараларын талқылады. Әсіресе, транзиттік және көлік дәліздеріндегі жаңа өзара мүдделер атап өтілді.

Энергетика саласында бірлескен жобаларды жаңғырту және озық технологияларды енгізу маңызды бағыт ретінде көрсетілді. Ал ауыл шаруашылығы бойынша астық пен ұн экспорты саласындағы серіктестік өзекті тақырып болды. Қазақстан қазіргі таңда әлемдегі ең ірі 10 астық және ұн экспорттаушы елдің бірі саналады. Тараптар астықты терең өңдеу және оны АҚШ, ЕО, Қытай мен Үндістан нарықтарына экспорттау жөніндегі жобаларды талқылады.