"Сатанизм көрінісі": Ресей полициясы қазақстандықты фестиваль ұйымдастырғаны үшін ұстады

Сырым Қаржас
Ulysmedia

Санкт-Петербургте Қазақстан азаматы Алексей Самсонов ұсталды. Ол Хэллоуин тақырыбына арналған «Некрокомиккон» фестивалінің ұйымдастырушысы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Самсонов өзінің ұсталғаны туралы «Ротонда» басылымына 31 қазан күні хабарлаған. Оның айтуынша, полицейлер оны Ресейде тұруға рұқсат беретін құжаттарын тексеру үшін бөлімшеге жеткізген.
Самсоновтың Санкт-Петербургте 20 жылдан астам уақыттан бері тұрып келгені белгілі болды.

Оны ұсталғанға дейін бір күн бұрын Қызылгвардиялық аудан әкімдігіне шақырып, фестиваль өткізуге рұқсат етілмейтінін хабарлаған.

– Мұның заңды негізі болған жоқ. Тек ұйымдастырылып жатқан шарада сатанизм белгілері байқалуы мүмкін деген уәж келтірілді, – деді Самсонов.

Кейін фестиваль өтетін алаңға полиция мен Росгвардия қызметкерлері жеткен. Олар жабдық тиелген көліктерді тоқтатып, ал 31 қазан таңертең ұйымдастырушыларды алаңға кіргізбей қойған, деп хабарлайды ОВД-Инфо.

Сахна құру және техниканы орнату жұмыстары толығымен тоқтатылған.

Аудан әкімдігі Самсоновтың ұсталуына қатысы жоқ екенін мәлімдеді, бірақ оны «экстремистік символиканы насихаттау» үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескерткенін растады.