Луврдағы тонау: ұрланған әшекейлерді Израиль компаниясына сатпақ болған

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Париждегі Луврдан ұрланған зергерлік бұйымдардың ұрланған бөлігін сатуға тырысқандар Израильдің CGI Group компаниясына ұсыныс жасаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz DW басылымына сілтеме жасап.

ТОЛЫҒЫРАҚ

CGI Group компаниясының бас директоры Цвика Навенің айтуынша, тонаудан бес күн өткен соң — 24 қазанда компанияның ресми сайтына шифрланған хабарлама келіп түскен. Хабарлама авторы өзін тонаушылардың өкілі ретінде таныстырып, 24 сағат ішінде мәміле шарттарын талқылауды ұсынған.

Навенің айтуынша, CGI Group өкілдері шифрланған чатқа қосылып, хат жіберушілердің ұрланған әшекейлердің бір бөлігіне шынымен иелік ететінін дәлелдейтін айғақтар алған. Компания бұл туралы бірден Лувр әкімшілігіне хабарлаған. Алайда, Навенің сөзіне қарағанда, мұражай басшылығы жағдайға тым баяу әрекет еткендіктен, ұрланған бұйымдарды қайтару мүмкіндігі жоғалған.

Өз кезегінде Луврдың баспасөз қызметі CGI Group-пен тікелей байланыс болғанын жоққа шығарды.

Ynet порталының мәліметінше, байланыс компанияның итальяндық бөлімшесі арқылы жүргізілген. Ол, болжам бойынша, мұражаймен байланысты сақтандыру компаниясының тапсырмасымен әрекет еткен болуы мүмкін.