"Менімен ажырасты, балаларды бұғаттап тастады" – Мөлдір Мұқанова Тұрсынбек Қабатов жайлы

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Актриса Мөлдір Мұқанова бұрынғы күйеуі, актер Тұрсынбек Қабатовпен ажырасуы және қазіргі қарым-қатынасы туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мөлдір Мұқанованың сөзінше, олардың отбасылық өміріндегі қиын кезеңдер әлеуметтік желідегі ақпараттар мен сырттан келген хабарламалардан басталған.

– Түнгі сағат 4. Көз алдымнан ол күн кетпейді. Мазам кетті, қайта-қайта ояна беремін. Бала емізіп жүрген кезім. Ұлым дүниеге келген уақыт. Бала ұйықтап жатыр, неге ояна беремін – түсінбеймін. Мазам қатты кетіп жатыр. Бала емізіп жатқан уақытта телефонды алып, қарап қалып ем: «Сіз күйеуіңіздің жүрісі туралы естідіңіз бе? Қазір оның көңілдесі бар» деп жазған. Айдаладағы бір адам жазып жатыр, парақшасы жабық. «Оған біршама құнды сыйлық, пәтер, көлік алып берген. Қымбат тон, алмаз – бәрі қазір соның үстінде» деген пікір жазылды, – деп еске алды ол журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында.

Актриса әуеліде әлеуметтік желідегі пікірге сеніп қалмағанын, бірақ бұл оның ой‑күйіне қатты әсер еткенін айтты.

– Өзім шаршап тұрмын. Түрлі ой мазалап жатыр. Ол күні Тұрсынбек үйде емес, гастрольде болуы керек. Алматыда болды. Жаңағы пікірді бірден өшірдім, бірақ Тұрсынбек келе салысымен бетіне атылған жоқпын. «Бұл өтірік болар» деп ойладым. «Бұл жалған, Тұрсынбек мұнай жағдайға баруы мүмкін емес» деген ойым, өзімді алдағаным 14 жылға созылып кетіпті. Өзімді алдап келген екенмін. Уақыт өте келе айттым. Себебі жаңағы ақпарат келе берді, келе берді. Оны кім жазғанын ақыры білмедім. Бірден «Мен еркекпін» деп кеудесін қаққан жоқ, кішіпейілділік танытты. «Сен бұл әңгімені кімнен естідің?» деп сұрақ қойды. «Бұл өтірік» деп басында мойындамады. Кейін жаңағы ақпараттар көп келе бастағаннан кейін «Қоямын, иә, кішкене өзімді еркіндікке жіберген болармын. Қателік жасадым, қойдым, болды» деген жауап қайтарды. Мен сендім. Ол уақытта да, күні кешеге дейін де мен ажырасамын деп ойламадым. Ажырасуға талпынбадым. Ондай шешімге дайын болмадым. Сол кездегі жанымның ауырғаны, сыздағаны әлі де кетпеген. Сыздап жатыр. Тұрсынбекті жақсы көргенімнен болар, қатты жақсы көрдім, – деді ол.

Мөлдір Мұқанованың айтуына қарағанда, ол қазір Тұрсынбек Қабатовпен ажырасқан және бұл шешімді қабылдаудан басқа амалы қалмаған.

– Бір күні Тұрсынбектен «Сонымен не істейміз, ажырасамыз ба?» деген хат келді. Қандай да бір сұраққа тап болған уақытта Тұрсынбек үндемей отырып алады. Тығылып қалады десек те болады. «Осы сәтті күтті ме екен?» деп ойлаймын. «Мөлдір бірінші әрекет етсін», «Мөлдір бірінші арыз жазсын», «Заңды түрде ажырасуымызға алғашқы қадамды Мөлдір жасасын» деген ойда болған сияқты. Себебі мен Тұрсынбекті өзімнің бес саусағымдай білемін. Біреу сұрақ қойса, «Мен емес, Мөлдір өзі жазды, өзінің ниеті, тілегі осындай болды, мен оған енді не істеймін?» деп жауап қайтарады. Солай бірінші арыз жазуға тура келді. Себебі мен «Күйеуім бар адаммын ба, әлде жоқ па» дегеннің жауабын білмей кеттім. Үндемей құтылады. Үйде «Сөйлесейікші, аузыңнан бір сөз шығаршы, мен сенің досың болайын. Мені әйелің ретінде қарама, қандай да бір шаруаны дос ретінде шешіп келдік қой. «Бұл екеуіміздің ғана тағдырымызға емес, балаларымыздың тағдырына кесірін тигізеді ғой, мүмкін қазір дер кезінде түтініміздің түзу шығуына әрекет етіп көреміз, отбасымызды бұзбайықшы, сақтап қалайықшы» дедім. (...) Ажырасуға арыз жазғаннан кейін де сөйлесуге еш әрекет жасамады, – деді ол.

Актриса қазір өзі де, балалары да қиналып жүргенін айтты. 

– Балалар қазір қатты қиналып жүр. Үлкен қызым басқа елде оқиды, оған тіпті қиын. Жарайды, менен кетті. Сөздің шыны керек, мені тастады. Балалардың не кінәсі бар? Ол балаларын шын жақсы көрді ғой. Бір Астанада тұрып жатырмыз, бірақ балалар әкесін көрмегені былай тұрсын, қазір жазғанда жауап ала алмай қиналады. Біз осындай сәтте жүрміз. Ажырасқанымызға жеті ай болды. Жеті айдың ішінде жеті рет кездескен екен. Оның өзінде бірінші айда екі рет, екінші айда екі рет деген сияқты. Қыркүйекте, қазанда бір-бірін көрген жоқ. Жақында балалардың бәрін бұғаттап тастағанын біліп қалдым, – деді ол.

ТҰРСЫНБЕК ҚАБАТОВ КІМ?

Тұрсынбек Қабатов — қазақстандық сатира комигі, актер. Ол бірнеше фильмде басты рөлдерді сомдаған. «Әзіл Әлемі» әзіл-ысқақ театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.