Ресейлік кеден қызметі Қазақстан шекарасында жүк көліктерінің ұзын-сонар кезекке тұруына себеп ретінде құжаттардағы мәселелерді атады. Олардың айтуынша, кейбір жүк иелерінің құжаттары дұрыс рәсімделмегендіктен, жүргізушілерге Қазақстан аумағынан шықпау туралы нұсқау берілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Тюмень кеденінің басшысы Алексей Тимановскийдің айтуынша, олардың қарамағында төрт өткізу бекеті бар. Ол бұл бекеттерде қосымша тексерулер жүргізілмейтінін және қызметкерлердің көліктердің қозғалысына кедергі келтірмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, шекара өткелдері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, ал кептелістерге тасымалдаушылардың өз әрекеттері себеп.
– Бізге келген жүргізушілерден расталған ақпарат бар: Қазақстан аумағында жүк көліктері жиналып қалған. Кейбір жүргізушілер бірнеше күннен бері сол жақта көліктерінде тұрып жатыр, кейбірі тіпті машиналарын тастап кеткен. Болжам бойынша, жүк иелерінде Ресейге шетелдік тауарларды әкелу үшін қажетті құжаттардың бәрі жоқ. Кейбір көліктер әдейі Қазақстан аумағынан шықпай отыр. Мүмкін, тауарлар декларацияланбаған немесе ЕАЭО стандарттарына сәйкес келмейтін шығар. Сол себепті жүк көліктері көршілес ел аумағында тұрып қалған болуы мүмкін, – деді Тимановский РБК-ға берген сұхбатында.