Сенат авторлық құқық туралы жаңа заңды қабылдады: өнер иелерінің қалтасы қалыңдай ма, жұқара ма?

Динара Жарқынбек
Фото: parlam.kz

Сенатта шығармашылық пен зияткерлік меншік саласын реттейтін жаңа заң қабылданды. Норманың мақсаты – авторлардың еңбегін қорғау және құқықтық жүйені заманауи талаптарға сай жаңарту. Алайда жаңа ережелер қоғамда, әсіресе өнер адамдары арасында екіұдай пікір туғызды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жаңа заң «Зияткерлік меншік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады. Ол патент, сауда белгісі және авторлық құқық рәсімдерін жеңілдетіп, үдерістерді жеделдетуді көздейді. Бұдан былай тауар белгісіне өтінімнің алдын ала сараптамасы 10 жұмыс күні, ал толық сараптама үш ай ішінде аяқталмақ. Бұрын бұл мерзімдер айтарлықтай ұзақ болатын.

Сонымен қатар, заңда патент беруден бас тартудың жаңа негіздері қарастырылған және патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметі нақты мамандандырылады.

Алайда ең көп талқыға түскен мәселе  – авторлық құқықтарды басқарудың бірыңғай цифрлық платформасын құру. Бұл жүйе арқылы шығармалардың қайда және қалай пайдаланылғаны, сондай-ақ авторларға төленген сыйақы нақты қадағаланады.

Заң жобасын әзірлеуге Ұлттық зияткерлік меншік институты жауапты. Ұйым өкілдерінің айтуынша, жаңа платформа авторларға төлемдердің әділ әрі ашық бөлінуін қамтамасыз етпек.

Сенат комитетінің қорытындысында былай делінген:

- Платформаны енгізу арқылы құқықтарды басқаратын ұйымдардың жұмысы ашық әрі түсінікті болады – келісімшарттан бастап, сыйақы төлеуге дейінгі барлық кезеңде айқындық орнайды. Бұл жүйеге деген сенімді арттырады.

Жаңа заң күшіне енген соң, бұрынғы «мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым» ұғымының орнына «құқықтарды ұжымдық басқару ұйымы» термині енгізіледі.

Енді цифрлық жүйе авторлардың еңбегін қорғап, әділ сыйақы әкеле ме, әлде олардың табысын азайта ма? Уақыт көрсетеді.