Қарақалпақ белсендісі Қазақстаннан кетіп қалды

Сырым Қаржас
Фото: bereau.kz

Қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратбаев (Мұратбай), Өзбекстанға экстрадиция қаупі төніп тұрған сәтте, Қазақстаннан кетіп, Батыстың демократиялық елдерінің біріне барған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Экстрадиция қаупі

6 қарашаға қараған түні Ақылбек он жылдан астам тұрған Қазақстаннан кеткен. Егер ол 10 қарашаға дейін елден шықпағанда, Өзбекстанға экстрадициялануы мүмкін еді. Ол жақта құқық қорғаушыға «конституциялық құрылымды бұзуға әрекет жасады» деген айып тағылған.

Қарақалпақстандағы оқиғалардан кейінгі қуғын

2022 жылдың шілдесінде Қарақалпақстан тұрғындары жаңа Конституция жобасындағы аймақтың Өзбекстан құрамынан шығу құқығын алып тастауға қарсы наразылыққа шыққан. Бұл бейбіт акция күшпен басылған болатын.

Кейін ресми Ташкент даулы баптан бас тартты, бірақ, сонымен қатар, құқық қорғаушылар мен белсенділерге қарсы қуғын-сүргін басталды. Оның ішінде елден қашып кеткен немесе шетелде жасырынған белсенділер де бар.

Қазақстанда бірнеше қарақалпақ белсендісі Өзбекстанның сұрауы бойынша жыл бойы тергеу изоляторында отырды. Кейін олар босатылып, Өзбекстан билігі жете алмайтын елдерге кетуге мүмкіндік алды.

Акылбек Мұратбаевтың жағдайы

Ақылбек Мұратбаев — Нүкістегі оқиғалар туралы ақпарат таратқан, сондай-ақ президент Шавкат Мирзиёевтің Қарақалпақстан саясатына қарсы шыққан белсенділердің бірі. Егер ол Өзбекстанға қайтарылса, түрмеге жабылып, азапталу қаупі өте жоғары болатын.

Өзбекстанның экстрадиция тізіміндегі адамдардың ішінде тек бір адам ғана өз еркімен елге қайтқан, ол кейін 2,5 жылға бас бостандығынан айырылған.

Халықаралық көмек

Ақылбек Мұратбаевтың қауіпсіз елге көшуіне Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро мен бірқатар халықаралық ұйымдар көмектескен.

Қазір Қазақстанда Өзбекстан тарапы экстрадициялауды талап етіп отырған тағы бір қарақалпақ азаматының ісі қаралып жатыр.