Филиппинде супертайфун салдарынан 100 мың адам эвакуацияланды

Сырым Қаржас
washingtonpost.com

Филиппин билігі шығыс және солтүстік аймақтардағы 100 мыңнан астам тұрғынды «Фун-вон» супертайфунына байланысты қауіпсіз жерге көшірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Синоптиктердің мәліметінше, табиғи апат жексенбі күні күшейіп, кешке қарай ел аумағына жетуі мүмкін. Тайфунның салдарынан нөсер жауын жауып, қатты дауыл соғып және биік толқындар көтерілуі мүмкін. Қауіптің ең жоғарғы деңгейі Лусон аралының оңтүстік-шығысында, атап айтқанда Катандуанес, Камаринес-Норте және Камаринес-Сур провинцияларында жарияланды.

БОЛЖАМ

Филиппинде «Уван» деп аталатын «Фун-вон» супертайфунының жел жылдамдығы сағатына 185 км-ге дейін, екпіні 230 км/сағ-қа дейін жетеді. Мамандардың болжауынша, ол Лусон аралының орталығындағы Аурора провинциясының жағалауына дүйсенбіге қараған түні жетуі мүмкін.

Кейбір Шығыс Висаяс аймақтарында электр қуаты өшті. Теңіз жағалау күзеті жариялаған кадрлардан тұрғындар сақтық шаралары аясында өз заттарымен бірге қайықтардан жүк көліктеріне мінгізіліп, эвакуацияланып жатқаны көруге болады.