Астанада Қорғаныс министрлігі алдында балаларының өліміне байланысты әділ тергеу талап еткен аналарды полиция ұстады. Наразылық күні бойы жалғасқан. Кешке қарай бірнеше ана Байқоңыр аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілді. Бұл туралы ұсталғандардың бірі, әскерге сау кетіп, мүгедек болып оралған сарбаз Ұлан Мұсаевтың анасы Гүлмира Мұқажанова хабарлады.
Мән-жай
Бүгін әскерде қаза тапқан және жарақат алған сарбаздардың аналары министрлік алдына жиналып, әскери бөлімдердегі әлімжеттік пен өлімге қатысты істердің қайта қаралуын талап етті. Олар қолдарына «Баланы әскерге барып өлсін деп туған жоқпын», «Реформа талап етеміз!» деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты. Наразылық кезінде сарбаз Алмас Шахимовтың анасы Индира Туғанбаева өзін нашар сезініп, есінен танып қалды. Оған жедел жәрдем көмек көрсетті.
Аналар істердің қоғам және журналистер қатысуымен қайта тергелуін, сондай-ақ арнайы комиссия құруды сұрады.
Күні бойы журналистер аналармен бірге болғанымен, тілшілер кеткен сәтте полиция наразылыққа шыққан әйелдерді ұстап әкетті. Қазір олардың Байқоңыр аудандық полиция бөлімшесінде екені белгілі.
Ата-аналар ертең де министрлік алдына наразылыққа шығуды жоспарлаған. Алайда, полиция бөлімшесінен шыға алмай қаламыз ба деп алаңдаулы.
«Міне біздің аналар әлі отыр. Мыналардың шығаратын түрлері жоқ. Масқара! Қашан бізді жібереді? Қайғыдан қан жұтып отырған аналарды одан сайын қинап, ұстап отыр бізді», – деді Гүлмира Мұқажанова.
Контекст
Министрлік алдына жиналған аналардың алдына ұлттық ұлан бас қолбасшының орынбасары, генерал Қайрат Үмбетов шықты. Ол аналарды заңға бағынып, ғимаратқа кіріп сөйлесуге шағырды. Үмбетов ғимаратқа телефон алып кіруге болмайтынын айтты. Оның сөзінше, әр жердің өзінің регламенті бар. Соған бағыну қажет. Бірақ оның бұл сөзіне аналар қарсылық білдірді. Ішке журналистер кіргізілмеді. Қорғаныс министрлігі «әрбір жағдай жеке қаралады» деп мәлімдеді. Бірақ, ата-аналар бұл уәделердің бос сөз екенін айтып, нақты іс пен әділ шешім талап етіп отыр.